Accessibility links

Сайлау заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi заң жобасы қызу пiкiрталас тудыруда

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Соңғы күндерде «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жобалары ҚР Парламентiнiң депутаттары арасында, фракцияларда қызу талқылануда. Ал қаңтардың 15-i күнi Парламенттiң бiрлескен жұмыс тобында үкiметтiк жоба мен Ауыл партиясы фракциясының жобасы қатар қаралды. Пiкiрталас майданын сайлау комиссияларын құру мәселесi қыздырып тұр.Үкiмет жобасында сайлау комиссияларының вертикалiн сақтап қалу көзделедi. Яғни, Орталық Сайлау комиссиясы Парламент шешiмiмен құрылады да, Орталық Сайлау комиссиясы өз кезегiнде обылыстық, облыстық сайлау комиссиялары аумақтық, аумақтық сайлау комиссиялары учаскелiк сайлау коммиссиясын құрады. «Ауыл» фракциясының жобасы бойынша, сайлау комиссиялары партиялардың мүшелерi есебiнен құрылуға тиiс.

Бiр айта кетерлiгi, бұдан бiрер күн бұрын Азаматтық партияның фракциясы үкiметтiк жобаны қолдайтыны туралы мәлiмдеме жасады. Парламенттiң бiрлескен жұмыс тобына осы фракцияның мүшесi, Мәжiлiс депутаты Жазбек Әбдиев төрағалық етедi. Әбдиев мырза аталған қарарды қабылдау кезiнде қалыс қалған. «Өйткенi, Парламенттiң бiрлескен жұмыс тобының төрағасы болғандықтан, бейтарап болуым керек», - дейдi.

Ал «Ауыл» фракциясының жобасына «Ақжол» партиясының да үлес қосқаны мәлiм. «Ақжолдың» тең төрағасы Әлихан Бәйменовтың айтуынша, «Азаматтық» партияның Үкiметтiң жобасын қолдайтынын мәлiмдеуi саяси ойын. «Азаматтық» және билiк ыңғайындағы басқа да партиялардың өкiлдерi Тұрақты кеңестiң отырыстарында айтқан пiкiрлерiнен жеме-жемге келгенде айнып шыға келедi. «Азаматтық» партия фракциясының қарары билiктiң мүддесiн сақтап қалудың амалы», - дейдi Бәйменов мырза.

«Азаматтық» партия фракциясының қарары екi жобаның соңында жүргенде уақыттан ұтылып, келесi сайлауды ескi заңмен өткiзуге тура келуi мүмкiн, сондықтан, Үкiметтiк жобаны талқылауды кешiктiрмей бастау қажет дегенге саяды. Осы фракцияның мүшесi, Мәжiлiс депутат Тито Сыздықовтың пiкiрiнше, заң кешеуiлдеп қабылданған жағдайда, сайлау комиссияларын құру ұзаққа созылып кетуi мүмкiн.

«Ақжол» партиясының тең төрағаларының бiрi Болат Әбiлев: «Уақыт жеткiлiктi. Алдағы сегiз – тоғыз айда заңды қабылдап та, сайлау комиссияларын құрып та үлгеруге болады. «Азаматтық» партияның өкiлдерiнiкi қайткенде де Үкiметтiң жобасын сол күйiнде өткiзiп жiберудiң амалы», - дейдi.

Сенатор Қуанышбек Бултаев Парламенттiң бiрлескен жұмыс тобының отырысында «Ауыл» фракциясының жобасын керi қайтарып, талқылауларды Үкiмет жобасы бойынша жалғастыру қажет деген ұсыныс айтты. Ал, жұмыс тобының мұндай шешiм қабылдауға құқы жоқ болатын.
XS
SM
MD
LG