Accessibility links

Жасарал Қуанышәлiнi aуруханадан алып шығып сотқа тартты

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Танымал саясатшы Жасарал Қуанышәлiнiң үстiнен қаңтардың 16-сы күнi Ақтөбе қалалық сотында қылмыстық iс қарала бастады. Екi ай бойы Астанадағы республикалық клиникада емделiп, өткен жылдың соңғы күнiнде Ақтөбеге оралған Жасарал Қуанышәлiге көп кешiкпей сотқа шақыру келген. Оның жары Айсұлу Қадырбаева мұны Жасарал Қуанышәлiнiң мемлекет басшысының саясатына наразылық ретiнде мемлекеттiк қызметiнен кеткеннен кейiнгi «облыс әкiмi Ермек Имантаев тоталитарлық ұр да жық билiк тәсiлiн қолданып отыр» деген айыптауларымен байланыстырады.

Алғашқыда қаңтардың 15-iне белгiленген сот отырысының бiр күнге кешiктiрiлген себебiн Айсұлу Қадырбаева былайша ұғындырды: «Қаңтардың 14-i күнi Жасаралдың жүрек соғысы күрт жиiлеп, дәрiгерлер оны бiрден ауруханаға жатқызды. Бiрақ, дереу комиссия құрылып, Жасарал Қуанышәлi сотта жауап бере алатын халде деген қорытынды жасалды. Сол себептi, сот отырысы аурухананың өзiнде қаңтардың 16-сы күнi сағат 10-да өткiзiледi деп шешiлiп отыр».

Бұдан соң тағы бiр хабарласқан Айсұлу Қадырбаева облыстық онкологиялық орталықта өткiзiлуге тиiс сот отырысының Жасарал Қуанышәлiнiң өтiнiшiмен қалалық сотқа көшiрiлгенiн айтты. «Қылмыстық iс Төлеген Бөлек деген адамның арыз-шағымы бойынша қозғалған. Төлеген Бөлектiң артында облыс әкiмi Ермек Имантаев тұр», - дейдi Айсұлу Қадырбаева.

Төлеген Бөлек өзiне Жасарал Қуанышәлiнiң жала жапқаны туралы шағымданған. Әдетте, арыз-шағымның бұл түрi азаматтық iске негiз болатын. Мұның қалайша қылмыстық iске айналып кеткенiн мамандығы заңгер Төлеген Бөлектiң өзi: «Бұл жеке адамның айрықша шағымымен қозғалатын қылмыстық iстiң түрi», - деп түсiндiрген болды.

Ал дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы жайшылықта ұзақ тексеруден кейiн жасалатын. Бұл жолы Жасарал Қуанышәлiнiң ауруханаға түскенiне бiр тәулiк өтпей жатып дайын болған. Мұның себебiн Ақтөбе облыстық онкологиялық орталығының бас дәрiгерi Рахымжан Арыстановтан сұрағанымызда, ол дәргерлiк комиссияға орынбасары Күзембаев мырза жетекшiлiк еткенiн, өзi ештеңе бiлмейтiнiн мәлiмдедi. Күзембаевпен сөйлесудiң сәтi түскен жоқ.

Жасарал Қуанышәлi осы бiр уақиға екi түрлi себептiң салдары екенiн айтап отыр: «Облыс әкiмi Ермек Имантаев менi соттатып, өш алғысы келедi. Бұл бiр. Екiншiден, менi Мәжiлiс сайлауына түсiрмеу үшiн қылмыскер қылып шығармақ».

Сот отырысы қаңтардың 22-сiнде жалғастырылмақ.
XS
SM
MD
LG