Accessibility links

Депутаттар «Әділет органдары туралы» заңға өзгерістер енгізуді талқылады

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қаңтардың 16-ы күні Қазақстан Парламенті Мәжілісінің заңдар және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің депутаттары «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтыруларды талқылады.

Заң жобасын талқылауға Әділет және Ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысты.

Парламент Мәжілісінің депутаты Рамазан Сарпековтің айтуынша, аталған заңға енгізіліп отырған өзгертулер Президенттің 2003 жылғы 23 желтоқсанда шыққан әр мемлекеттік ұйымдардың қызметтерін ретке келтіру жөніндегі Жарлығының негізінде дайындалған.

- Жарлыққа байланысты Ішкі істер министрліктерінің кейбір функциялары Әділет министрлігіне беріліп отыр. Ол үш топтан тұрады. Біріншіден, жазаларын өтейтін органдардың толығымен Әділет министрлігіне өту мәселесі. Екіншіден, қамауда уақытша ұстау органдарын Әділет министрлігіне беруге байланысты. Үшінші мәселе, азаматтарды тіркеу, төлқұжат беру мәселелері жайында болып отыр, - деді депутат Рамазан Сарпеков.

Рамазан Сарпековтың айтуынша, енгізіліп отырған өзгерістер талас туғызып отырған жоқ, алайда, төлқұжат мәселесіне қатысты жәйттерде анықтауды қажет ететін мәселелер бар.

- Азаматтық алу мәселесі Ішкі істер министрлігі мен Көші-қон және демография агенттігінде қалып отыр. Оралмандар, басқа да азаматтардың азаматтық алу процесінің барлығы алдымен агенттіктен, одан кейін құжаттардың барлығы Ішкі істер министрлігінде қалып, солар арқылы өтіп, олар азаматтық алып болғаннан кейін паспорт алар кезде ғана Әділет министрлігінің құзырына өтеді. Осы мәселелерді анықтайтын жайттарға назар аударуды екі министрліктің өкілдеріне тапсырдық, - деді Рамазан Сарпеков.

Осы мәселеге байланысты Әділет министрлігінің Азаматтық хал-актілерін жазу бөлімінің бастығы Зайда Нұрабаеваның пікірін білген едік.

- Азаматтыққа қатысты мәселелерді олар өздеріне қалдыруға мәжбүрміз дейді. Өйткені, Президенттің Жарлығында тек қана құжаттандыру мәселесі беріледі дегендей жазылған дейді. Біздің пікірімізше, құжаттандыру деген жалпы азаматты өзінің тұрған орнында тіркеп, оны есепке алып, жалпы төлқұжат алудың өзі әр азаматтың сол мемлекетке тәндігін білдіру. Сол себептен ол бір төңіректегі мәселе болуға тиіс деп ойлаймыз, - деді Зайда Нұрабаева.

Заң жобасы бойынша әзірге үкімет қортындысы түспеген. Сондай-ақ жоба ғылыми сараптаудан өткізілмек.
XS
SM
MD
LG