Accessibility links

Пәкістан президенті Первез Мушаррафтің сөзін Парламенттің көптеген мүшелері тыңдағысы келмеді

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Пәкістан президенттігіне осыдан 4 жыл бұрын үкіметтік төңкеріс арқылы келген генерал Первез Мушаррафтың Парламент алдындағы алғашқы сөзін заңгерлер наразылық сезімімен қабыл алды.

Дегенмен президент Мушарраф заңгерлерге көршілес және өзге елдермен болатын өзара қарым-қатынаста Пәкістан орнатпақ әскери, саяси, экономикалық байланыстарға бір шама тоқталып өтті. Әсіресе терроршылықпен күресте Пәкістан өз қасиетті міндетін одан әрі жалғастыра береді, деді генерал.

Жұма күні Пәкістан президенті генерал Первез Мушарраф парламент алдында сөз сөйледі. Бұл Мушаррафтың осыдан 4 жыл бұрын үкіметтік төңкеріс жолымен келген президенттік қызметінен кейінгі заңгерлер алдындағы алғашқы шығуы еді.

Пәкістан әнураны бітісімен президент Первез Мушаррафқа сөз берілді.

- Енді мен Пәкістан Ислам республикасы президенті генерал Первез Мушаррафқа Парламенттің қос палатасы жиыны алдында сөз беремін. Президент мырза, мархабат - деп, мәжіліс төрағасы сөз ұсынды.

Өз кезегінде Президент баяндамасын бастай берісімен-ақ, оппозиция жағындағы депутаттар, Диктаторлық режим жойылсын, Мушарраф қызметтен кетсін, деген айғай-шуға басты.

Бұл арада бір неше депутат залдан шығып кетті. Осы кезде Первез Мушарраф тарафындағы заңгерлер оның сөзін қолдау белгісі ретінде орындықтарды соғып, еденді тепкілеуге кірісті.

Президент сөзін одан әрі жалғастырып, терроршылық әрекеттерге қарсы джихад – қасиетті соғысты барынша күшейте беруге шақырды.

- Пәкістан әсірешіл қоғам, Ауғанстандағы терроррлық әрекеттердің бұлағы деген жағымсыз атақтан құтылып, Ал Қайдалықтар және тәліп күштеріне қарсы күресті күшейте түсуі қажет, - деді Пәкістан президенті.

Сондай-ақ, Перваз Мушарраф, - Пәкістан өзінің Үндістанмен ондаған жылдарға жалғасып келе жатқан даулы шайқасын тоқтатып, өткен айда екі ел арасында болған бейбітшілік келісімдерін одан әрі пысықтап, қойылған шарттар негізінде жұмыс жүргізе беруі қажет, - деді.

- Кашмир мәселесіне келсек, ол тығырықтан шығудың жалғыз ғана жолы - саяси келіссөздер арқылы әділетті, бейбіт шешімге келу. Түбінде Кашмирліктердің мұрат-мақсаты, арманы іске асуы қажет емес пе, - деді президент.

Первез Мушарраф, ядролық қарулардың тарауына жол берілмейді, бірақ Пәкістанның ядролық және зымырандық қорғаныс бағдарламасы болашақта да барынша дамытыла бермек, - деді.

- Бұл қарулар біздің елдегі тұрақтылық үшін қажет. Бірақ біз әлем елдері алдында жойқын қарулардың таратылуына жол бермейміз, деп жауапкершілікпен айта аламыз, - деді генерал Мушарраф.

Жалпы Ата заңға орай, Пәкістан президенті Парламент алдында жылына кемінде бір рет шығып сөз сөйлеуі тиіс. Бірақ оппозициямен болған теке-тірес оған мүмкіндік бермеді.

Соңғы кездегі бір ғана жаңалық, қатаң қолды ісләмшілдермен өзара мұрасаға келу мақсатында, Мушарраф Пәкістан армясының бас қолбасшылығы міндетін тапсырды. Бірақ соған қарамастан Парламенттің бұл бас қосуы көрсеткеніндей, оппозиция президент Мушаррафты, АҚШтың Ирақтағы соғысын өзге елдерден алдын, бас болып қолдағандығы үшін әзірше кешіретін түрі жоқ.
XS
SM
MD
LG