Accessibility links

Қарағандыда Қазақстан журналистерi Конгресi атқару комитетiнiң көшпелi отырысы өтуде

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Қаңтардың 19-ы күнi Қарағанды қаласында Қазақстан журналистерi Конгресi атқару комитетiнiң көшпелi отырысы басталды.

«Азаттық» радиосының тiлшiсi Мартбек Тоқмырзаның хабарлауынша, жабық есiк жағдайында өткен басқосуда аталған ұйымның ақпан айының орта шенiнде Атырау қаласында өтетiн үшiншi конгресiнде қаралатын мәселелер және Қазақстан журналистерi Конгресiнiң сыйлығына үмiткерлер тiзiмi бекiтiлген.

«Время» газетiнiң тiлшiсi Геннадий Бендицкийдiң мәселесi де сөз болған. ҚЖК атқару комитетiнiң мүшесi Мағжан Садықановтың айтуынша, комитет мүшелерi Бендицкиге қолдау көрсететiндiктерiн бiлдiрген.

«Ақжол» партиясының Орталық Кеңесi төралқасының өткен аптадағы үндеуiнде «Риф» жабық акционерлiк қоғамының жетекшiсi Асығат Жабағинның жала жапты деген арыз-шағымымен Бендицкидiң үстiнен қозғалған сот отырысында «жан түршiгерлiк және ұятқа қалдыратын» жаңа дүниелердiң ашыла бастағаны айтылған-ды. «Мысалы, Геннадий Бендицкидiң iздестiрiп жүрген бюджет қаржысы, - делiнедi үндеуде, - қорғаушы А. Гинзбургтiң берген жауабына қарағанда Украинадағы саяси шараларды қаржыландыруға жұмсалған. Бұл фактiлер «Бендицкидiң iсiн» мүлдем жаңа деңгейге көтередi.Бұдан кейiн оқиға әскери-техникалық қарым-қатынас саласындағы жемқорлық деген бiр iстiң аясынан шығады».

Сонымен қатар «Ақжол» партиясының үндеуiнде: «Сот процессi өтiп жатыр, бiрақ Қазақстан журналистерi Конгресi жұмған аузын ашпай отыр…» делiнген. Содан да болар, аталған ұйымның Қарағандыдағы көшпелi отырысында Геннадий Бендицкидiң басындағы ахуалға байланысты арнайы мәлiмдеме жасалатын болып шешiлiптi.

Қазақстан журналистерi конгресi атқару комитетiнiң Қарағандыдағы жұмысы екi күнге созылады. Оның кеңейтiлген отырысы қаңтардың 20-сына белгiленiп отыр. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау науқандарындағы қызметi жайында да сөз болмақ.
XS
SM
MD
LG