Accessibility links

Жексенбі күні Бағдадтағы АҚШ басқару штабы қасында болған жанкештілік бомбы жарылысынан кемінде 23 адам қаза тапты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Жексенбі күні Ирақ астанасы Бағдадтағы АҚШ жетекшілігіндегі штаб дарбазасы алдында жанкештілік бомбы жарылысынан, кемінде 23 адам қаза тауып, жүздеген кісі жарақат алды.

Қаңтардың 18і жексенбіде Ирақ астанасы Бағдадтан тағы да бір кезекті үрейлі хабар тарады. АҚШ жетекшілігіндегі одақтастар штабының дарбазасы қасында жанкештінің бомбы артқан жүк көлігі жарылып, кемінде 23 адам қаза тауып, жүзден астам азамат түрлі жарақат алған.

Бұл Саддам Хұсейн өткен айда ұсталғалы бері болған ең үлкен жарылыс апаты еді.

- Бұл күндері мыңдаған ирақтықтар, Саддам Хұсейннің қатаң режимінен құтылғаннан кейін, бір шама еркіндік алып қасиетті Қажылыққа дайындалып жатқан болатын. Бірақ міне Жұмхурия көпірінің батысындағы бұл бомбы шабуылынан қаншама бейкүна кісілер опат болды, жараланды. Ғимараттар, дүкендер, көліктер қирады. Ел ішіндегі және сыртындағы терроршылар қосылып, тағы да кезекті рет қан төкті, - деді Ирақ уақтынша үкіметінен өкіл Хамид ал-Кафаи.

- Қаза тапқандардың арасында, АҚШ мемлекеттік департаментінен келісім-шартпен жұмысқа келген азаматтар да бар. Үлкен жарылыс кесірінен қаза тапқандардың тегін, азаматтығын біз, әзірше, түгел анықтап, саралай алған жоқпыз, - дейді АҚШтық генерал Марк Киммит.

Бірақ мерт болғандардың көбі штабқа кіруге кезекте тұрған ирақ азаматтары екендігі күдік туғызбайды. Пол Бремердің айтуынша, бомбы шабуылы әдейі адамдар көп болатын кезге орай жоспарланған.

Қастандық дарбазасы деп аталып кеткен Қауіпсіздік тексеру бекеті Саддам Хусейннің бұрыңғы сарайларының бірінің маңайында орналасқан. Тікенді сымдар, темір бетонды дуалмен қоршалған ол жерде АҚШ сарбаздары күзетте тұрады. Бомбы міне осы жерде жарылған. Күәлардың айтуынша, екі көлік жарылып, артынша оқ даусы естілген.



Бірақ полковник Ралф Бейкердің айтуынша,

- Тойота көлігіне артылған 450 килолық гранат жарғыш болған. Жарылыстың артынша әскерлер қорғаныс шараларына өтіп, жарақат алғандарға көмек беруге кіріскен.

Ал тілшілердің айтуынша, дарбаза алдында тереңдігі 1 метр, кеңдігі 3 метрдей шұңқыр пайда болған. Мұхаммад Шекер есімді азамат бомбы жарылған кезде сол тексеру бекеті маңайында болыпты.

- Бомбы жарылған кезде адамдар бір неше метрге ұшып кетті. Кісі денелері әр жерде 4-5тен шашылып жатты. АҚШ әскерлері бізді кері қуды. Менің байқауымша, өлгендердің бәрі әскери штабтың ішкі жағында күзетте болғандар еді, - дейді Мұхаммад Шекер.

Бұл бомбы шабуылынан бір күн алдын, алдағы 5 - 6 айда, Ирақтағы АҚШ әскерлерінің санын 130 мыңнан 105 мыңға дейін қысқарту мәселесі талқыланған болатын. Бірақ генерал Киммит Бағдадтағы әскери күзетшілерді қысқарту жөнінде әңгіме жоқ дейді.

- Біз ондай қысқарту жоспары жөнінде айтқан емеспіз. Бірақ біз түзілген операцияларды жалғастыра береміз. Бұл жерде жүргенде біз Ираққа қарсы және одақтас күштерге қарсы элементтермен күресіп, қажет болса, тұтқындап, кейде олардың көзін жою шараларын да іске асыра береміз, - дейді генерал Киммит.

Жексенбі күні жол жағасында болған бомбы жарылысынан тағы да 3 АҚШ әскері қаза тапқан. Сонымен наурыз айынан бері өткен он ай шамасында Ирақта қаза тапқан американдық сарбаздар саны 500ден асып кеткен.

Сондай-ақ, бұл арада одақтас күштер мен бірге жұмыс істеп жүрген ирақ полицайларының 600ден астамы опат болған.
XS
SM
MD
LG