Accessibility links

Баспасөзге шолу

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда, Сергей Дувановты сұхбаты, Қазақстан Коммунистік партиясының тарихы туралы мақала және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов, “Сөз” тәуелсіз апталығына берген сұхбатында өзінің жазықсыз сотталғандығын мәлімдепті. Сергей Дуванов әділеттілікке жету үшін, халықаралық сотқа шағымданбақшы. Газет тілшісіне берген сұхбатында Сергей Дуванов халықаралық сотта жеңіп шығатындығына сенімді екендігін білдіріп өтіпті. “Егер де Еуропадағы ынтымақтастық пен қауіпсіздік одағы мен Еуроодақтағы сарапшылар мені жазықты деп тапса, олар ешқашан да мені қорғайтын резолюция шығармас еді. Және Америка Құрама Штатының Мемлекеттік хатшысы Коллин Пауэлдың да Сергей Дувановтың босатылуын сұрап, Қазақстан президентіне ашық хат жазбасы анық ” дейді Сергей Дуванов. Сергей Дувановтың айтуынша, түрмеде болған кезде оның жазған көптеген материалдарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тартып алған. Соңынан қайтарып берген кезінде, қолжазбадағы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тұстары жоқ болып шыққан. Прокурорға шағымданғанымен, қолжазбасын қайтарып бермеген. Сергей Дуванов өз сұхбатында алдағы уақытта ресми билікке журналистерді түрмеге отырғызудың оңайға соқпайтындығын да тілге тиек етіпті.

“Азат” тәуелсіз апталығының 21 қаңтар күнгі санында жарық көрген мақаласында Жангелді Естенбаев Қазақстан коммунистік партиясының кешегісі мен бүгінгісіне тоқталып өтіп, ертеңгі күніне болжам жасаған. Газет тілшісінің сараптамалық мақаласындағы келтірген деректерге қарағанда партияның тарихы екі шешуші кезеңге бөлінеді екен. Бірінші кезең 1991-1995 жылдарды қамтыса, екінші кезең – 1996 жылдан бастап бүгінгі аралыққа дейінгі уақытты қамтиды. Мақала авторының айтуынша, Компартияның қызметінде күрт өзгеріс 1996 жылдың көкек айында пайда болған. Осы тұста Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып Серікболсын Әбділдин сайланған еді. Әбділдиннің айтуынша, бүгінде партия қатарында 60 мыңнан астам мүше бар. Газет тілшісінің болжамына сүйенсек, уақыт өте келе Компартияның саяси-идеологиялық тұғырнамасы біртіндеп өзгеріске ұшырауы ықтимал. .

“Экспресс К” газетінің сәрсенбілік санында жарық көрген Тохнияз Кучуковтың мақаласында “ТрансИнтерОйл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының арқасында мемлекет қазынасына жарты миллиард теңгенің түспей қалғандығы хабарланған. Мақала авторының айтуынша, аталмыш мекеменің директоры бұл қаржылық қылмысты өткен жылдан бастап жүзеге асыра бастаған. Тексеру барысында аталмыш мекеменің 2001 жылы шет елге 70 миллион теңгені аударып жібергендігі анықталған. “Дегенмен бұл қомақты қаржының қандай банктің есеп-шотына түскендігі белгісіз күйінде қалып отыр” дейді мақала авторы..

“Егемен Қазақстан” басылымының соңғы санында Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Уәлихан Қалижанұлы “Казахская правда” газетінде жарық көрген бір мақалаға орай ойын білдіріп өткен. Мәжіліс депутатының айтуынша, газеттің 2004 жылғы қаңтар айындағы санында жарық көрген Әлия Ахметованың мақаласында ұйғырлардың ұлттық намысына тиетін ұйғарымдар жасалынған. Уәлихан Қалижан өз мақаласында қазақстандық ұйғырлардың еңбекқорлығын айта келе, қазақ-ұйғыр арасындағы достық қарым-қатынасқа сына қағуға болмайтындығын тілге тиек етеді.

“Известия Казахстан” басылымының сәрсенбілік санында Алматы қаласының 150 жылдық мерейтойының келе жатқандығымен, көшедегі жолдардың жөнделмей жатқандығы сөз болыпты. Әсіре мақала авторы Алматы қаласындағы жолаушылар таситын көліктің әбден ескіріп, тозығы жеткендігіне ерекше тоқталып өткен.

Ал, “Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан» қосымшасында Алматы қаласының әкімі Виктор Храпунов оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріпті. Виктор Храпунов Алматыдағы пәтерлердің не себептен қымбаттап жатқандығын, қаладағы тәртіпті күшейту үшін қандай шаралардың жасалып жатқандығын түсіндіріп өтіпті.

“Заң” газетінің 21 қаңтар күнгі санында Қылмыстық істерді аппелляциялық тәртіппен қарау тәжірибесі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының қаулысы жарық көріпті.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Павлодар қаласында 2001 жылы такси жүргізушіні өлтіріп қылмыс жасаған Сергей Әбілкәрімовтың құқық қорғау орындарының қолына түскендігі баяндалған. Мақала авторының айтуынша, қылмыскер қашуға әрекет жасаған кезде жарақат алған. Сергей Әбілкәрімов осыған дейін де, 2001 жылы заңсыз қару ұстағаны үшін шартты түрде сотталған екен.
XS
SM
MD
LG