Accessibility links

Компартияның жаназасын шығармақ болған Е.Әбiлқасымов ендi коммунист болуға бекiнiп отыр


ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Ерасыл Әбiлқасымов Мәжiлiстiң қаңтардың 21-i күнгi отырысында Коммунистiк партияға мүшелiкке өтетiнiн мәлiмдедi. Әбiлқасымов мырза компартияның бiрiншi хатшысы Серiкболсын Әбдiлдиндi «коммунистердi жеке басының саяси мүддесi үшiн пайдаланып жүрген социал-демократ», сондықтан оны партиядан қуу керек деп санайды. «Екiншiден, саяси партияларды зерттегенiмде коммунистiк партиядан басқаларының бiр-бiрiнiң көшiрмесi екенiдiгiне көзiм жеттi. Осы айтылғандарды салмақтай келе, коммунистiк партияға өтуге бел байладым. 1976 жылдан 1991 жылға дейiн, яғни, Кеңес Одағының коммунистiк партиясы күйрегенше коммунист болған мен үшiн үлкен саясат ендi басталады», - дедi.

Ерасыл Әбiлқасымов Коммунистiк партияға кiргеннен соң оның жетекшiлерi Серiкболсын Әбдiлдин және Төлен Тоқтасыновпен қатар қалған сегiз партияның да мәселесiн қолға алмақ. Әбiлқасымовша айтқанда: «Ол партиялар қоғамға зиянды топтардың мүддесi үшiн құрылған ұйымдар. Дегенмен, олардың есебiнен коммунистер қатарын көбейтуге болады».

Коммунистiк партияның серкесi Серiкболсын Әбдiлдин Ерасыл Әбiлқасымов-тың мәлiмдемесiне ашық пiкiр бiлдiруден бас тартты. «Маңызы жоқ бос сөзге бола пiкiр таратудың өзi артық», - дедi.

Ал ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, коммунистiк партияның жетекшiлерiнiң бiрi Владислав Косаревтiң ойынша, сайлау жақындаған сайын, коммунистiк партияның қатарына өткiсi келетiн Ерасыл Әбiлқасымов сияқтылар көбейе бередi. Себебi, олар коммунистiк партияның электораты көп екенiн бiледi.

«Кез-келген адамның кез-келген партияға кiруге еркi бар. Әбiлқасымов болса, Парламент төрiнен саяси майдан ашып, компартияны тәлкек етiп отыр», - деп есептейдi Коммунистiк партияның жетекшiлерi.

Қысқасын айтқанда, «Коммунистiк партияны табытқа салып, соңғы шегесiн өзiм» қағам деп мәлiмдеген Ерасыл Әбiлқасымовтың саяси көзқарасы бiр жыл өтпей шұғыл өзгердi.
XS
SM
MD
LG