Accessibility links

Астанада шығармашыл жастар конгресінің тұсаукесері өтті


Жаңадан құрылған шығармашыл жастар конгресі атауы осыған ұқсас тағы да бір жастар ұйымы - Қазақстан жастар конгресінің жанынан құрылып отыр. Соңғы аталған жастар ұйымы елдегі қоғамдық-саяси іс-шараларға белсенді түрде араласып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын қызу қолдап жүрген ұйымдардың бірі. Енді міне олар шығармашыл жастарды да өз жағына тартып жатыр.

Бейсенбі күні Астанадағы Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театрында шығармашыл жастар конгресінің тұсаукесері концерттік бағдарлама түрінде өтті. Өнерлі жастар көпшілік алдында сахнаға шығып, өз шеберліктерін көрсетті.

Фортепианода шығарма ойнаған Дина Дүйсен есімді 21 жастағы қазақ қызы қазір Астанадағы Қазақ музыка академиясында 3-курста оқиды. Осы кезге дейін Дина бірнеше мәрте халықаралық және республикалық байқауларға қатысып, лауреат, жеңімпаз атанған. Динаның отбасындағы бес адамның барлығы – ата-анасы және бауырлары өнер жолына түскен жандар. Динадан шығармашыл жастар ұйымына байланысты пікірін сұрадық:

- Мұндай конгресс қажет деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанды талантты жастар өте көп, олар бірі-бірімен араласып, өзара осындай ұйымға бірігуі дұрыс іс, - дейді Дина. - Өзіңіз осы конгресс мүшелерінің қатарында барсыз ба? - Жоқ, бірақ, мүмкін болашақта мүше болуым да мүмкін. Ал бүгін олар менен осы концертте шығарма ойнауымды сұраған соң, осында келдім, - деді өнерпаз қыз.

Бұған дейін де өнерлі жастардың басын қосқан талай ұйымдар құрылғанымен, алайда кейіннен олардың көбі тарап немесе істері сиыр құйымшақтанып, өздері біртіндеп ұмыт болған еді. Сондықтан болар, Дина секілді бізбен сұқбаттасқан басқа өнерлі жастар да шығармашыл жастар ұйымының құрылғанын құптағанымен, әзірге оның ісіне белсенді араласып кетуге өздерінің әзір еместігін білдірді.
XS
SM
MD
LG