Accessibility links

Баспасөзге шолу


Мерзімді басылымдарда, Мұхтар Әблязовтан тартып алынған, “Тұран Әлем” банкінің акциялары Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратовтың қолына көшкендігі, Қазақстандағы доллардың бағасының түсіп бара жатқандығы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

“Ассанди таимс” газетінің 23 қаңтар күнгі санында жарық көрген Дулат Мұсатаевтың мақаласындағы келтірген деректерге жүгінсек, Мұхтар Әблязовтан тартып алынған, “Тұран Әлем” банкінің акциялары Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Болат Өтемұратовтың қолына көшкен. Мақала авторы егер де алдағы уақытта Қайрат Сатылғанов “Тұран Әлем” банкінің басшылық қызметіне барса, президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың арқасында “Қазақстан халық банкісіндегі” үлесінен айырылып қалған Болат Өтемұратов “Тұран Әлем” банкісін бақылауға мүмкіншілік алады деп пайымдайды. “Яғни бұл президенттің туған-туысқандары мен оның жақындарының арасында банк жүйесін монополиялаудың аяқтағандығын білдіреді” дейді мақала авторы. Мақала авторының айтуынша, бүгінгі таңда Тимур Құлыбаевтың “Казкомерцбанкте” үлкен үлесі бар және “Қазақстан халық банкісі” де толығымен президенттің күйеу баласының қолына көшкен.

“Қазақ әдебиеті” әдеби басылымының соңғы санында жарық көрген Қабыл Дүйсенбидің мақаласында тіл мәселесі әңгіменің арқауына айналыпты. Мақала авторы тіл комитеті мен оның облыстық басқармалары құрылған жағдайда ғана министрліктер мен агенттіктерде және олардың аумақтық басқармаларында облыс әкімдерінің аппараттарында, ірі кәсіпорындар мен ұйымдарда, тіл туралы заңнамаларды орындауға байланысты толықанды сыртқы тексерулерді жүргізіп, оларға шара қолдануға және тиісті шешім қабылдауға мүмкіндік туар еді” деп есептейді.

Осыдан бір ай бұрын “Мегаполис” апталығында Қазақ мемлекеттік заң университетінің қалай жекешелендіріліп жатқандығы туралы мақала жарық көрген болатын. Мақалада көптеген мамандардың аталмыш жоғарғы оқу орнының жекешелендіріліп жатқандығына байланысты наразылықтары білдірілген еді. “Мегаполис” апталығының соңғы санында осы тақырып жалғасын тауыпты.

Ал, “Дала мен қала” газетіне берген сұхбатында мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов “Жас алаш” басылымын сынға алып өтіпті. Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл басылымның оны сынай беретіндігіне он шақты жылдың жүзі болған. . Алайда “Жас алаш” газеті оны сынағанымен, Серік Әбдірахмановтың берген жауабын жарияламайды екен. Газет тілшісіне берген сұхбатында Серік Әбдірахманов “Жас алаш” газеті депутат бола тұрсам да менің құқымды аяққа таптап отыр деп наразылық білдіріпті. Сондай-ақ мәжіліс депутатының айтуынша, “Жас алаш” газеті жыл сайын бюджеттен 60 миллион теңге алып тұрады. Соңғы бес жылдың ішінде ғана “Жас алаш” газеті мемлекет қоржынан 313 миллион теңге алған. Серік Әбдірахмановтың келтірген деректеріне қарағанда, “Жас алаш” газеті осындай қомақты қаржыны ешқандай конкурссыз жеңіп алады екен. “Қанша жерден “Жас алаш” болса да, Ақпарат министрінің ең сүйкімді газеті болса да, заңды бұзуға болмайды. Ол ақша қайсібір министрдің әкесінен қалған жоқ, мемлекеттің ақшасы” дейді мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов.

“Ана тілі” апталығының соңғы санында жарық көрген Нұрлыбек Саматұлының мақаласында мектеп проблемасының тақырыбы сөз болыпты. Нұрлыбек Саматұлы бүгінгі таңда мектептердегі ұстаздардың балалардан ақша жинайтындығын тілге тиек етіп, осыған орай өз ойын білдіріп өткен. Мақалада келтірген деректерге қарағанда, Алматы қаласындағы қазақ мектептері оқушы басына ай сайын 200 теңгеден 900 теңгеге дейін ақша жинайды.

“Известия Казахстан” басылымының жұма күнгі саны мәдениет тақырыбына арналыпты. Газеттің бұл санында таяуда өткен “Шәкен жұлдыздары” атты фестивальге қатысқан, Қазақстаннан шыққан белгілі режиссер Виктор Мережкомен сұхбат жүргізілген.

“Қазақстан Заман” басылымының 23 қаңтар күнгі санында жарық көрген Марат Тоқашбаевтың мақаласында, доллардың құнының түсіп бара жатқандығына орай сараптама жасалыныпты. Мақала авторының болжамына сүйенсек, алдағы уақытта да доллардың құнсыздануы жалғасы түсуі ықтимал. Германиядағы “Бундесбанк” сарапшыларының пікіріне қарағанда әлемдік қаржы дағдарысының тууына, Америка Құрама Штатының ағымдағы және бюджет дефицитінің күрт өсуі себеп болған. Газет тілшісінің айтуынша әлемге әйгілі екі тұлға, Джордж Сорос пен Уоррен Баффет осыдан екі күн бұрын валюта рыногының доллар секторын тастап кеткен. Ірі инвесторлар да жасалған шарттардың долларға қатысты тұстарынан бас тартуда. Дегенмен Марат Тоқашбаев кешегі күні Қазақстанда доллардың құнының қайтадан көтеріле бастағандығына да тоқталып өтеді.
XS
SM
MD
LG