Accessibility links

Астанада Ұлттық ғарыштық мониторинг орталығы ашылды


Қаңтар айының 23-iнен Астанада Ұлттық ғарыштық мониторинг орталығы жұмыс iстей бастады. ҚР Ғарыштық зерттеу иниститутының директоры, академик Өмiрзақ Сұлтанғазиннiң айтуынша, ендi ғарыштық ақпарат алу көкжиегi кеңейе түспек.

Еуразия ұлттық университетiнде орналасқан орталықтың технологиясы АҚШ-тың, Үндiстанның, Канаданың және Ресейдiң жер серiктерiнен жердi зондтау, яғни, әуеден шолу деректерiн жедел алуға негiзделген. Мұндай деректердiң халық шаруашылығының барлық салалары мен экология үшiн маңызы зор.

Астанадағы ғарыштық мониторинг орталығы Қазақстан бойынша осы бағытта екiншi болып ашылған мекеме. Сұлтанғазин мырзаның сөзiне қарағанда Алматыдағы орталықтан Астанадағы орталықтың мүмкiндiгi жоғары. Мысалы, бұған дейiн Қазақстанның жекелеген аймақтары бойынша ғана ғарыштық түсiрiмдер алынып келсе, бұдан былай республика территориясы тұтастай қамтылатын болады. Келешекте, оның Қазақстандағы бiрден-бiр ғарыштық мониторинг мекемесi болып қалуы да мүмкiн.

Бүгiнгi таңда Қазақстанның Ұлттық ғарыш бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргiзiлiп жатыр, - дейдi Өмiрзақ Сұлтанғазин. Әзiрге Ұлттық бағдарлама тұтастай бекiтiлмегенмен, оның жекелеген бөлiктерi республика бюджетiнен қаржыландырылып тұрады.

Астанада ғарыштық мониторинг орталығының ашылуы - Ұлттық ғарыш бағдарамасын құруға бағытталған маңызды қадамдардың бiрi. Жердi ғарыштан зондтау деректерiн қабылдайтын әмбебап стансасынның жабдықтарын орнатуға Ресейдiң, Канаданың және Түркияның мамандары қатысқан. Еуразия Ұлттық университетiнде келесi оқу жылынан бастап ғарыштық мониторинг мамандарын даярлау iсi қолға алынады.
XS
SM
MD
LG