Accessibility links

“Тыңға 50 жыл” атты кітап жарыққа шықты


Алматыда жұма күні ҚР Статистика жөніндегі агенттігінде “Қазақстан Республикасы: тың және тыңайған жерлердің игерілгеніне 50 жыл” атты статистикалық жинақ пен Төлеубай Жұмасұлтановтың “Тыңға 50 жыл” кітабының тұсаукесер рәсімі болды.

“Тыңға 50 жыл” атты кітаптың авторы Төлеубай Жұмасұлтановтың айтуына қарағанда, тың игеру жылдарында Қазақстан экономикасы көтеріліп, ауылшаруашылығы қарышты дамып, өнеркәсіп өркендеп, құрылыс нысандары көптеп салынған. Осы жылдар аралығында білім беру мен денсаулық сақтау салалары едәуір өркендеген. Бірақ тың игеру саясатының басты мақсаты -Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеру болған жоқ, кең даланы пайдалану арқылы Кеңес Одағына таяп қалған азық-түлік тапшылығын мәселесін шешу болды, - дейді Төлеубай Жұмасұлтанов.

- 1954-60 жылдар аралығында 25,5 млн. гектар тың жер игерілген. Компартияның басты мақсаты – 1950 жылдардың бас кезіндегі азық-түлік тапшылығын жою болды. Содан сан жағына көп мән берілді. Екі жылда орасан зор жерді игеріп, өнім алу керек болды. Көп миллиардтаған пұт астық алынып, Қазақстан келіп қалған азық-түлік дағдарысының алдын алды деп айтуымызға болады.

Төлеубай Жұмасұлтановтың пікіріне қарағанда, тың игеру науқаны қазақ халқының демографиялық өсуіне оң ықпал еткен.

- Құрып кетуге таяған мал шарушылығы қалпына келді. Нақтырақ тоқтала кететін бір жайт – 1939-59 жылдар аралығында қазақ халқының саны тек қана 481 мың-ға көтерілсе, ал 1959-79 2,5 млн-ға өсті. Ал енді одан кейінгі 20 жылда 2,7 млн-ға өсті. 1970 жылдардың бірінші жартысында табиғи өсім жақсы болды.

Төлеубай Жұмасұлтанов мырза тың игеру науқанының зиянды жақтары туралы былайша әңгімеледі.

- Сонымен қатар кемістігі. Әрине бұл үлкен істің жіберілген, айтпай кетуге болмайтын экономикалық, саяси зияндығы. Біріншіден, 25,5 млн. гектардың 11 млн-ға жуық гектары тұзды, бірақ шөбі құнарлы мал шаруашылығына өте қолайлы болды. Мұндай жерлер бір жыл өнім берсе, екінші жыл өнім бермейтін. Сол жерлер тыңның санын көбейтеміз деп жыртылып кетті. Орнына қайтарғанмен ол басқа қара топырқаты жерлердей өнім беруге шамасы жетпейді. Екіншіден, әрбір ауылдың іргесіне дейін жыртып тастап, халықтың мал шаруашылығымен жеке шаруашылықпен айналысуына мүмкіншілігі азайып кетті.

Төлеубай Жұмасұлтановтың пікіріне қарағанда, тың игеру науқанының едәуір экологиялық зардаптары да болған.

- Экологиялық зияндығы сол алғашқы жылдары жердің құнарлы топырақтары ұшып кетіп жердің құнарлығы азайғаны рас. Көп жерлерді химиялық тыңайтқыштарды дұрыс қолданбай немесе мөлшерден тыс көбірек қолданып, біраз жерлердің де бүлінгені шындық.

Сонымен қатар шаңды тұмандардың да пайда болғаны рас,- дейді Төлеубай Жұмасұлтанов мырза.
XS
SM
MD
LG