Accessibility links

ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы болып Әнуар Сәйденов тағайындалды

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Қаңтардың 26-ы күні болған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірлескен отырысына Қазақстан Президенті Нұрсұслтан Назарбаев қатысып, Әнуар Ғалимолдаұлы Сәйденовті Қазақстанның Ұлттық Банкінің төрағасы етіп тағайындауына Парламенттің келісім беруін сұрады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Қ Р-сы Конституциясының 53-і бабының 5-і тармақшасына сәйкес Парламент палаталарының бірлескен отырысында Ұлттық банктің төрағасын тағайындауға келісім беру белгіленген. Сондықтан сіздерден сол келісімді сұрауға өтініп келіп отырмын”.

Әнуар Сәйденов жайында айтатын болсақ, ол 1960 жылы 19-қыркүйекте Ресейдің Мәскеу қаласында дүниеге келген.

Ломоносов атындағы Мәскеудің мемелекеттік университетін тәмамдаған. Экономист,қаржы экономикасы ғылымының магистрі. Лондон университетінде білім алған.

Әнуар Сәйденовтің ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы болып тағайындалғанға дейінгі соңғы атқарған міндеті -Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары болды. Жалпы Сәйденовтің қаржы саласында қызмет атқарып жүргеніне сегіз жыл болды.

Ағылшын тілін меңгерген, қазақ, орыс тіліндерінде сөйлейді.

Әнуар Сәйденов өз сөзінде былай деді: “Қазіргі кезде Ұлттық банк дамудың жаңа сатысына аяқ басқалы тұр. Сондықтан мен Ұлттық банк төрағасы қызметіне тағайындалуымды - мемлекет басшысының маған үлкен сенім білдіруі деп санап, үлкен жауапкершілік ретінде қабылдаймын. Осы жылдың 1-і қаңтарынан бастап елімізде жаңа орган-Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі құрылғаны белгілі. Ұлттық банк орталық банктрге ғана тән классикалық қызметтерді орындайтын болады”.

Мәжіліс депутаты Әбдіжәлел Бәкір жаңадан тағайындалған Ұлттық Банкі төрағасының мемлекеттік тілге жете көңіл бөлуін өтінді.

Мәжіліс депутаты Әбдіжәлел Бәкір: “Менің айтатын бір мәселем тілегім есебінде. 1989-ы жылдан бастап мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілі әлі билік органдарының төріне шыға қойған жоқ. Ал егер банк жүйесін алатын болсақ, оған тіпті қазақ тілі тұмсығында тыға алған жоқ. Сондықтанда мемлекеттік “Ұлттық” деген атауға мәртебесі бар банк қазақ тіліне қамқор жасаса деген өтінішім бар”.

Сөйтіп дауыс беру барысында Парламент депутаттары мемлекет басшысының бұл тағайындауын бір ауыздан қолдады.
XS
SM
MD
LG