Accessibility links

Жастар жерді Қытайға жалға беру мәселесіне қарсы


Бұдан бұрын “Азаттық” радиосы Қазақстан 7 мың гектар жерді Қытайға 10 жылға жалға бергелі жатқандығы туралы хабарлаған болатын. Осы мәселеге орай, дүйсенбі күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бір топ студенттері аталған мәселеге алаңдаушылықтарын білдіріп, “Азаттық” радиосына өз ойларын айтқан еді. Айнагүл Қасымбекова есімді студент қыз өз сөзінде біздер жастар шенеуніктерден 7 мың гектар жерімізді Қытайға қандай мақсатпен беріп отырғандықтары туралы нақты түсінік беруін талап етеміз дегенді айтты.

- Қазақстанның Қытайға жерді жалға беру мәселесіне мен түбегейлі қарсымын. Өйткені, осы мәселе жайында біраз уақыттан бері сөз қозғалып келе жатса да, ол туралы жан-жақты толық мәлімет ала-алмай отырмыз. Бұл басы ашық мәселе болса неге шенеуніктер халықпен, халықтың 30 пайызын құрайтын жастармен олардың пікірімен санаспайды? Бүгін 7 мың гектар жерімізді беріп, ертең одан айырылып қалмаймыз ба? Олар диханшылықпен, бақташылықпен айналысамыз деп елімізге кіріп алып, жайлап жаулап алмай ма? Әрбір елге бөлшектеп жерімізді бере берсек, оны талан-таражға сала берсек өзімізге не қалады? Сондықтан шенеуніктер Қытайға жер қандай мақсатпен беріліп отыр осы жайында нақты түсінік беруі керек.

Келесі Толқын Қайнар есімді студент жер мәселесі былайша шешілетін болса ертең жерсіз қаламыз дегенді айтты.

- Мен бұл мәселеге түбегейлі қарсымын. Өйткені Қазақстан өз азаматтарының құқын қорғай алмай отыр. Егер Қытай азаматтары Қазақстан жеріне кіретін болса онда Қазақстан жерінің барлығы өзге мемлекеттердің қолына өтіп кетеді. Қазір Қазақстан азаматтарының жағдайы өте қиын. Олар жерді сатып алмақ түгілі, оны жалға ала алмай отыр. Қытайлық, шет елдік компаниялар біртіндеп Қазақстанда орналаса бастайтын болса бірте-бірте Қазақстан ел деген жойылып кету қаупі туады.

Ал Жаңабаев Нұржан есімді студент жерді саудаға салуға ешкімнің де құқы жоқ. Жер халықтікі дейді.

- Мен Қазақстанның жас азаматы ретінде осы көтеріліп отырған мәселеге келіспеймін. Бұл билік органдары қайда қарап отыр. Бұл мәселе неге бұқаралық ақпарат құралдарында анық халыққа жетпей жатыр? Бұл күмәнді мәселе. Кең-байтақ, ұлан-ғайыр жеріміз бар. Бірақ оның иесі Қазақстан азаматтары. Ал енді оны бұрмалап солайқай саясатпен басқа елге Қытайға беру ақылға сыймайтын нәрсе. Менің ойымша бұл мәселемен мемлекеттік құқық қорғау органдары айналысу керек. Жерді саудаға салуға құқығымыз жоқ. Тіпті ондай нәрсе ойымызда да болмау керек. Мұның артында бірақ мәселе жатыр. Ол пайда көру.
XS
SM
MD
LG