Accessibility links

Қазақстанда саяси өзгерістердің ұлттық бағдарламасы қабылдануы мүмкін


Қазақстанда саяси реформалар қай бағытта жүргізілу керек? Бұл мәселе парламент депутаттары , қоғамдық ұйымдар мен саяси партия өкілдері, сондай-ақ, саясаттанушылардың қатысуымен 26- қаңтар күні Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында талқыға салынды .

«Ақ жол» демократиялық партиясы тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменовтың айтуынша, Қазақстандағы саяси өзгерістер тақырыбына арналған басқосулар соңғы кездері елде жиі өтетін болған. Соның кезектісін халықаралық жаңа саясат институты ұйымдастырып отыр.

«Мұндай отырыстардың болуы, ең бастысы, қоғамдағы кез- келген мәселені зиялы жолдармен шешу мүмкіндігін қарастырады» дейді Әлихан Бәйменов. Оның пікірінше,дәл қазіргі жағдаймен алғанда, Қазақстандағы саяси өзгерістердің бастауы парламент талқысындағы сайлау туралы заңның қандай үлгіде қабылданатынымен тікелей байланысты. Ал тағы бір маңызды мәселе үкімет пен оппозиция арасында ашық пікіралмасудың орын алуы.

«Билік өз тарапынан осы мақсатта тұрақты кеңесті ұсынды. Негізінде, тұрақты кеңес , бір жағынан, өзіне жүктелген басты міндетті орындаған да сияқты. Ол- үкімет пен оппозицияның бір үстел басында отырып, мәмілеге келе алатындығын көрсетті. Алайда, ұсыныс жасаушы орган ретінде тұрақты кеңестің жұмысы мәнсіз болды, өйткені, кеңес тарапынан ұсынылған ұсыныстарға үкімет , көп жағдайда, құлақ аспады. Кеңес жұмысының нашарлауына, үкімет пен президент әкімшілігіндегілер кінәлі», дейді Әлихан Бәйменов.

Ал республикалық халық партиясы атқару кеңесінің төрағасы Әміржан Қосанов бүгінде Қазақстанға саяси өзгерістердің қажеттілін сарапқа салған осынау басқосудың өтіп отырғанының өзі, бұл мәселеде сәл де болса, алға жылжудың бар екендігін көрсетеді дегенді айтады.

«Өйткені, Қазақстанға саяси реформалардың қажеттілігі жөнінде осыдан 4-5 жыл бұрын белгілі бір топ, демократиялық бағыттағы саяси партия өкілдері ғана айтқан болса, бүгінде аталған бастаманы үкіметтік саналатын партия өкілдерінің өзі қолдап отыр. Бұл Қазақстанда саяси реформаларды жеделдету бастамасы өміршеңдігінің көрінісі», дейді Әміржан Қосанов.

Басқосу барысында Қазақстандағы саяси өзгерістердің ұлттық бағдарламасын дярлау керек деген де ұсыныстар айтылды.
XS
SM
MD
LG