Accessibility links

2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралды


Қазақстанда 12 жылдық білім беру жүйесі енгізілетін болса, ол үш кезеңмен іске асырылатын болады. Оның бірінші сатысы 1-4-ші сыныпты, екінші сатысы 5-10-шы сыныпты, ал үшінші сатысы 11-12 сыныптарға есептелген. Үшінші саты салалық білім беруге бағытталған. Оқудың осы сатысында оқушы техникалық және кәсіптік білім алатын болады. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасында қаралған.

Қаңтардың 27-і күні Білім және Ғылым министрі Жақсыбек Құлекеев Парламентте депутаттарға осы тұжырымдама жобасы жайында баяндады.

Министрдің айтуынша, егер Қазақстан 12 жылдық орта білім беру жүйесіне көшетін болса, балалар мектепке алты жастан баратын болады.

- Егер 12 жылдық білім беру жүйесіне көшетін болсақ, онда бастауыш сыныптардан бастап шет тілі мен информатика сабақтарын қосымша оқыту, жоғары сыныптарда бейімдеп оқыту мәселелерін көтеріп отырмыз, - деді министр.

Мәжіліс депутаты Ерғали Сарманов, жоба ауыл мектептерінің болашағын қарастырып отырған жоқ деген пікірді айтты.

- Ауыл мектептеріне сәйкес техникалық білім беру мәселесі. Осы жерде ауыл мектептерінің келешегі болмай тұр. Егер ауылда бір ғана мектеп болса онда қандай бағдарламалы білім болады, - деді депутат Ерғали Сарманов. Министр бұл мәселеде алдымен 12 жылдық беру жүйесіне өтудің жайын анықтау қажеттілігін атады.

Қазіргі уақытта 56 мектепте 12 жылдық білім берудің бағдарламасы бойынша тәжірибе жүргізілуде. Сондай-ақ министр кеңес дәуірінде берілген білімнің жаттанды білім болғанын айтады.

- Оқушы кітәптағыны жаттап айтып берсе, бес қоятынбыз. Балаларды ақпаратты жаттауға емес азғантай болса да алған білімін өмірге пайдалана алуына бейімдеуіміз керек. Соған үйрететін жаңа мұғалімдер қажет, - деді Жақсыбек Құлекеев.

Тұжырымдама жобасына аймақтардан 1,5 мыңнан аса ұсыныс түскен.
XS
SM
MD
LG