Accessibility links

Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның басқаруындағы республикалық "Асар" партиясы Қазақстан парламентінде өз фракциясын құрды. Жаңадан құрылып отырған фракция қатарына 10 депутат енген. Бұл туралы сейсенбі күні Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне партия жетекшісі Д.Назарбаеваның өзі мәлімдеді.

«Асар» партиясының парламентте жаңадан құрылған фракциясының жетекшісі сенатор Рәшит Ахметовтың айтуынша фракция қатарына «Асар» партиясының мақсат-мүддесімен ой-пікірі ортақ 10 депутат енген. Олардың 7-і сенатор және 3-і мәжіліс депутаты. Партия жетекшісі Д.Назарбаеваның айтуынша фракция қатарындағылардың барлығы бірдей «Асар» партиясының мүшесі емес. Әйтсе де олардың бәрі осы фракцияға кіруге өз келісімін берген.

«Асар» партиясының фракция мүшелерінің бірі, Қазақстан парламент мәжілісінің депутаты Валериан Землянов осы парламентке сайланған кезде коммунистік партияның мүшесі болған еді. Бірақ, кейіннен ол коммунистер қатарынан шығып қалған соң, былтыр маусым айында Астанада журналистерді жинап алып, өзінің «Қазақстанның әлеуметтік қорғау партиясы» атты жаңа партия құратынын мәлімдеген болатын. Енді бұл жолы В.Землянов мырза парламентте «Асар» партиясының мүддесін қорғайтындардың біріне айналды. Әйтсе де ол өз сенім-көзқарасымен коммунист боп қалатынын бұл жолы да айтып отыр.

Фракцияның алдағы жұмыс міндеттері жайлы сөзінде Д.Назарбаева алғашқы кезекте парламентте қаралып жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Сайлау туралы» заң жобаларына қатысты талқылауларға фракцияның белсене араласатынын айтты. «Асар» партиясының жетекшісі «БАҚ туралы» заңға өз тараптарынан ұсынған ұсыныс-тілектердің ескерілмей қалғанына қанағаттанбай отырғандарын жеткізді.

- Сайлау туралы заң - сайлау комиссияларының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ететіндей және де сайлау комиссяларының құрамында елде тіркелген барлық саяси партиялар өкілдерінің енуіне мүмкіндік беретіндей болғанын жақтаймыз, - деді Д.Назарбаева.

Ол «Асар» партиясы келешекте парламенттегі орынның тең жартысына қол жеткізуге күш салады деген өз пікірін бұл жолы тағы да қайталады. Қазіргі қолданыстағы заңға сәйкес Қазақстан парламентінде партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттарға тек он орын ғана бөлінген. Біз «Асар» партиясының жетекшісінің Қазақстан парламентінде партияларға қанша орын берілгені жөн деп санайтынын білген едік.

Д.Назарбаева: - Біздің кейбір саяси әріптестеріміз партия тізім бойынша берілетін орын 50 пайыз болсын деген өз көзқарасын айтып жүр. Меніңше олардың көзқарасы жаман емес. Бүгінгі кезде қоғамда саяси партиялардың орны бөлек деп айтуға болады. Қазір бізде ресми тіркелген 9 партия бар, олардың деңгейі күннен күнге өсіп келеді. Батыстық үлгідегі саяси жүйе бізде де нығайып, саяси партиялардың мемлекеттік іске араласуы артып, белсенді болғаны жаман болмас деп ойлаймын. Ал енді жаңағы парламенттегі партияларға бөлінетін орын санына келсек ол мәселе бізге – саяси партияларға да байланысты. Егер осы мәселе бойынша барлық партиялар күш біріктіргенде белгілі бір нәтижеге қол жеткізер едік.

«Алдағы парламент сайлауына өзіңіз қатысасыз ба?» деген сауалымызға Д.Назарбаева: «Әзірге ондай жоспарым жоқ» деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG