Accessibility links

Қазақстанның президентшіл партиялары сайлау алдында бір блокқа бірікпекші


Парламент сайлауына қатысу үшін бір блокқа бірігуді көздеген президентшіл партиялардың әрекетін оппозиция өкілдері мен қарапайым қазақстандықтар әр түрлі бағалайды.Біріншілері олардың бұл жоспарын қолдаса, екіншілері президентшіл партиялар еш уақытта бөлек болған емес, дегенді айтады.

«Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі Алтынбек Сәрсенбаевтың айтуынша, президентшіл партиялар біріксе, қарапайым азаматтарға жақсы болады.

Алтынбек Сәрсенбаев,Қазақстанның «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі: - Күн санап, қатарларын көбейтіп келе жатқан президеттік партиялар бір партияға біріксе дұрыс болар еді. Сайлау алдында бір блокқа бірікпей, барлығы бір партияға бірігуі керек, себебі біз қазіргі таңда ауылдағы халықты шаршатық. Жоғарыдан тапсырма келеді,бәленбай адамды «Отан» партиясына өткізіңдер, бәленбай адамды «Асар» партиясына өткізіңдер, деп. Шындығына келер болсақ, қазір басы бос адам қалмады, әрине, өз еркімен келгендерді айтпаймын.Жоғарыдан келген тапсырма бойынша, әсіресе, мына бюджеттік мекемелердің жетекшілері мұғалімдер мен дәрігерлерді партия қатарына қосады. Бүгінгі таңда халық бұл мәселеге күліп қарайтын болды. Сол себептен халықты шатастыра бермей, мүмкіндігінше, бір партия болса, сайлауға осы бір партия қатысса дұрыс болады, деп ойлаймын.

Президентшіл партиялардың біріккенін саясаткер Сейдахмет Құттықадам да қолдайды, бірақ саясаткердің ойынша, бұл ұсынысты президентшіл партиялардың өздері толығымен қолдамауы мүмкін.

Сейдахмет Құттықадам, саясаткер: - Менің ойымша, бұл ұсынысқа «Отан»партиясы салқын қарауы мүмкін. Себебі бұл партияның төраға қызметін атқарушысы Амангелді Ермегияев «Асар партиясы дүниеге келгенде,бұл партияның құрылғанын қолдамайтынын білдірген.

Ал президентшіл партиялар блок құрса, бұл блок әлсіз болады. Себебі бұл блокқа бір партия жетекшілік ету керек. Ал бүгінгі таңда бұл блокқа кім жетекшілік ететіні белгісіз, «Асар» ма, әлде «Отан» ба? Сол себептен менің пікірімше, қай партия, қандай орынға ие болатынын сайлау аяқталғаннан кейін білуге болады. Ал негізінде, бізде таза сайлау жоқ, бізде барлығын жалғыз президент шешеді.

Бұл орайда, енді қарапайым қазақстандықтардың пікірін тыңдап көрсек.

Қарапайым қазақстандықтар: - «Асар» партиясы «Отан» партиясының бір бөлігі, бұл шындық. Сол себептен мен ойлаймын, олар бүгіннің өзінде бірге деп айтуға болады. - Президентшіл партиялар біріге берсін, ол жақсы ғой. Негізінде партиялардың біріккені дұрыс, себебі «жұмыла көтерген жүк жеңіл»,- дейді ғой. - Партиялардың біріккені дұрыс, бірақ президентшіл партияларды мен қолдамаймын, өйткені әр партия тек өзінің мүддесін ойлайды, негізінде олар халықтың мүддесін қорғауы керек.

Бірігуді жоспарлаған президентшіл партияларды қарапайым қазақстандықтар білгенімен, оларды айтарлықтай ажырата алмайтынын айтты.
XS
SM
MD
LG