Accessibility links

ЮНЕСКО Қазақстанда заманауи ақпараттық саясат қалыптастыруға шақырады


28 қаңтарда Алматыдағы ЮНЕСКО өкілдігі, Экономикалық зерттеулер орталығы, Журналистер одағы, сондай-ақ, бірқатар үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен «Қазақстандағы ақпараттық саясат» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Бұл шараның мақсаты, қазіргі жағдайды талқылау, әлемдік тәжірибелермен танысу, елдегі ұлттық ақпараттық саясатты қалыптастыру.

Басты шаралардың бірі, кез-келген қоғамда азаматтарды ақпаратпен, қажетті біліммен қамтамасыз ету. Әрбір адам, қай елдің азаматы болсын өзінің ой-өрісін дамытуға, мәдени, ғылыми жетістіктерге қол жеткізуге толық құқылы. Қазіргі заманғы озық технологияны пайдалана отырып, білімді жетілдіру, ақпаратқа қол жеткізуде ғаламдық цифрлық ақпараттық жүйелерді қолдану, әсіресе интернет жүйесін тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.

Отырысты Алматыдағы ЮНЕСКО өкілдігінің коммуникация, ақпарат бөлімінің жетекшісі Сергей Карпов жүргізді.

- Қысқаша айтқанда, Қазақстандағы коммуникациялық, ақпараттық технологияны дамыту мәселесін көтермекпіз, - деді Сергей Карпов.

Дөңгелек үстелге Ақпарат министрлігінен өкілдер шақырылғанымен ешкім келмеді. Сондай-ақ, осы отырыста түрлі қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері де аз болды. Тізімге қосылып, шақырылған қоғам қайраткерлері ішінен Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, ЮНЕСКОның Алматыдағы өкілдігі кластерлік бюросының басшысы Анжум Хак та болмады.

Дөңгелек үстел мәжілісінің бұл күнгі көтеріп отырған мәселесі жөнінде осында жалғыз қазақша сөйлейтін ЮНЕСКО өкілдігінің коммуникация және ақпарат бөлімінің қызметкері Болатбек Аманбаев айтып өтті.

- Негізінен әрбір ел өзінің ақпараттық саясатын қабылдап, оны жүзеге асыруда. Біз де осы жиында халықаралық тәжірибені бөлісу, өзге мелекеттердің озық үлгілерін Қазақстанға енгізуді көздеп отырмыз, - дейді Болатбек Аманбаев.

Қазақстандағы ақпараттық саясатты қалыптастыруға арналған дөңгелек стөл отырысы кешке дейін созылды.
XS
SM
MD
LG