Accessibility links

Сайлау өткізу жөнінен кеңес беру мақсатында БҰҰ өкілдері Ираққа келмекші

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

БҰҰ-ның өкілдер тобы Ираққа таяу күндерде қайтып оралуды жоспарлауда. Ондағы мақсаттары- маусымның 30-ына дейін сайлауларға дайындық жасап үлгеру мүмкін бе, жоқ па деген тақырыпта жергілікті сайлаушыларға ақыл-кеңес беру.

Келесі айдың бас кезінде БҰҰ-ның арнайы жасағы Ираққа келмекші. Сапар мақсаты- маусым соңына дейін сайлауларға әзірлік жасау мүмкіндіктерін Ирақ өкілдерімен ақылдасу. Қайта оралу жөніндегі шешімді БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан сейсенбі күні қабылдаған болатын. Өткен жылдың жазында БҰҰ-ның Бағдаттағы бас пәтеріне жасалған бомбалық шабуылдан кейінгі бұл сапар, осы халықаралық ұйым өкілдерінің алғашқы қадамы болмақшы. БҰҰ-ның шағын топ өкілдері барынша қысқа мерзімге Ирақ жеріне табан тіреп, ондағы этникалық және діни өкілдер тобымен кездесетін болады. Әсіресе, сүннілер мен шиилер және күрд өкілдерімен ақылдасулар жүргізілмекші. Одан кейін ол шағын топ Нью-Йоркқа қайта оралып, ұсыныстарды әзірлеуге кірісетін болады. Ұсыныстар келесі айдың соңына таман әзір болып қалуы да мүмкін. Өтпелі Ассамблея белгілеу жөніндегі АҚШ жоспарына шиилер көсемінің бірі Аятолла Али әл-Систанидің қарсы шыққаны белгілі. Ол тікелей сайлаулардың өткізілуін талап еткен болатын. Алайда, айтылған межеге дейін сайлауларды әзірлеп, өткізуге уақыт тым қысқа деп БҰҰ тапқан жағдайда, өзінің аталған талабын қайтып алатындығын да ол мәлімдеп үлгерген. АҚШ ресми өкілдері де:

- Осыншалық қысқа уақытта заңды сайлауларды ұйымдастырып, өткізу мүмкін емес, - деп отыр.

Аннан мырзаның көмекшілерінің бірі және Ауғанстандағы өтпелі билік кезеңінде өкіл болған Брахими мырза да Систанидің талап еткеніндей уақытта өткізілген сайлаулардың пайдасынан гөрі зияны басым болатынын ескертті. Осылайша, Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің біразы бас хатшы ұсынысын қолдап, ал тағы бір тобы ондай мүмкіндікке күмән келтіріп отыр. Мысалы, кезінде Канаданың БҰҰ-дағы өкілі болған Девид Мейлон Азаттық радиосына былай деді:

- Еркін де әділ сайлаулар өткізу үшін сайлау алды науқандар ұйымдастырылуы тиіс. Оның өзі саяси партиялардың қалптасуына ықпал етер еді. Ал, Ирақ топырағында ондай шарттардың әзірге бірі де жоқ. Менің ойымша, осындай сайлауларды өткізуде өзін жауапты орынға қою сияқты істерден БҰҰ аса сақ болғаны жөн. Себебі, шын мәнінде ондай асығыс сайлаулар пародия ғана боп шығар еді, - деді Мейлон мырза.

Әсіресе билік тұтқасы ирақтықтарға ұстатылатын сәтте үлкен байқампаздық керек дейді дипломаттар. Ал, АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Джон Негропонтье Аннан мырзаның шешімін қызу қуаттады.
XS
SM
MD
LG