Accessibility links

Астана полициясы Азаттық тілшісіне қарақшылық жасағандардың ұсталғанын мәлiмдедi

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Астана қалалық Iшкi iстер басқармасы бастығының орынбасары Марат Демеуов қарашаның 29-ы күнi Жұлдыз Төлеуоваға қарақшылық жасағандардың қолға түскенiн мәлiмдедi.


Қаңтар айының 9-ынан 10-ына қараған түнi белгiсiз бiреулер Астананың Есiл жағалауы көшесiнде Жұлдызды аяусыз соққыға жығып, тонап кеткен болатын. Демеуов мырзаның айтуынша, олар - алты адамнан тұратын қылмыстық топтың мiшелерi. Ұйымдасқан басбұзарлардың 2003 жылдың қараша айынан берi 7 рет қарақшылық жасағаны анықталып отыр.

«Ұсталғандар - Астанадағы Аграрлық университеттiң студенттерi, кейбiреулерi - оқудан шығып қалғандар. Қаланың елеусiздеу қалтарыстарында кiсi тонап, соққыға жығуды кәсiп еткен олардың төртеуi қаңтардың 9-ы күнi Есiл жағалауы көшесiне алғаш рет шыққан», - дейдi Марат Демеуов. Екi-екiден бөлiнiп, жол торыған қарақшылардың бiр жұбына Жұлдыз кез келе кеткен.

Баспасөз мәслихатынан кейiн қарақшылардың бiрiне болған уақиғаның мән жайын айтқызуға мүмкiндiк туды. Сөзiне қарағанда, «Азаттық» радиосының тiлшiсiне жасалған қаскөйлiктiң көрiнiсi бiздiң бұрынғы хабарларымызда айтылғандай болып шығады. Өзiнен гөрi жұптасын көбiрек кiнәлаған ол: «Жанымдағы серiгiм уақиға болған жерден қашып келе жатып; «мен оның мұрнын бұзған болармын, саусағым тайып кеткен тәрiздi» деп мақтанды», - дейдi.

Қылмыстық топтың барлық мүшесi Астанадан тыс жерлерде, атап айтқанда, Ақмола, Солтүстiк Қазақстан және Қостанай облыстарында ұсталған. Бiр айта кетерлiгi, олар Жұлдыз Төлеуовамен әлi беттестiрiлген жоқ. Бұл шара қаңтардың 10-ына белгiленiптi. Сөз болып отырған уақиға Қылмыстық кодекстiң 179 бабы бойынша қарақшылық шабуыл ретiнде ресiмделiп отыр.
XS
SM
MD
LG