Accessibility links

Cайлау комиссияларын құру мәселесі пікірталас туғызып отыр

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Парламент депутаттарынан құрылған бірлескен комиссия ақпанның 2-сі күні «Сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістерді талқылауды жалғастырды. Заң жобасының оныншы бабының үшінші бөлігі депутаттардың пікірталасын туғызды. Онда жергілікті сайлау комиссияларын мәслихаттардың құратындығы айтылған. Бірақ мәслихаттар сайлау комиссияларын кімнің ұсынысымен және қалай құрады деген мәселеде депутаттар әзірге бір ұйғарымға келе алмай отыр.

Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаевтың айтуынша, сайлау комиссияларын мәслихаттардың құруы туралы түзетуді депутаттар ұсынып отыр.

- Мәслихатардың үстінде кім отырғанын біз білеміз. Бірақ ертең әділ сайлау өтсе, дұрыс депутаттар келеді. Мәслихаттар түзелуі мүмкін, - деді ол.

Ал, Сенат депутаты Орынбай Рахманбердиев, сайлау комссияларын құру жұмысы мәслихат депутаттарының қызметін қиындатады деген пікірде.

- Мәслихаттардың жұмысын ауырлатып жатыр. Мұндай жұмысты атқару жергілікті мәслихаттарға өте қиын болады. Себебі олардың штат кестесі аз. Біз аумақтық комиссияларды мәслихаттар, ал аймақтық комиссияларды жоғары сайланған аумақтық комиссиялар құрсын деген ұсыныс жасадық. Ол өтпей отыр, - деді депутат Орынбай Рахманбердиев.

Мәжіліс депутаты Хайрат Шалабаевтің айтуынша, сайлау комиссияларын құру туралы бапқа депутаттардан 40-қа жуық ұсыныс түскен. Бірақ сайлау комиссиясына мүшелерді сайлау тәртбімен немесе жеребе тастау арқылы таңдау мәселесінде пікірталас туғызуда. Бұл мәселеде Хайрат Шалабаев комиссия мүшелерін сайлау арқылы шешкен дұрыс деген пікір айтып отыр.

Дау туғызып отырған оныншы бапқа қатысты «Ақжол» демократиялық партиясының заң тобының жетекшісі Жиенбек Бұлжановтың пікірін білген едік.

- Сайлау комиссияларын құру туралы бапқа келгенде депутаттар әлі де бір тұжырымға келе алмауда. Біреулер мәслихатқа бергісі келмейді. Біреулері оны жоғарыдан төмен қарай орталық сайлау комиссиясы құрсын, жоғары тұрғандар төменгісін құрсын деп бір шешімге келмей жатыр. Алайда, бұл сұрақтың 90 пайызы шешілді деуге болады. Біз мәслихатқа беріледі деп сенеміз. Соған дауыс берген алдында, бірақ пікірталастар туып жатыр. Үкіметтік заң жобасы, талқыланып жатқан заң жобасы 4-ші шілдеде жалпы халықтық талқылауға түскен заң жобадан әлдеқайда нашар. Ол кезде әледқайда жақсы болған. Демократияға бір табан жақын болған. Бұл үкіметтің жоба өтіп кететін болса, ондай заңды қабылдағаннан қабылдамаған жақсы еді, - деді «Ақжол» демократиялық партиясының заң тобының жетекшісі Жиенбек Бұлжанов.

Сайлау туралы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыруларды талқылау жалғасуда.
XS
SM
MD
LG