Accessibility links

Грузиядағы Президент сайлауы инаугурациясына қатысып қайтқан ДТҚ халықтық партиясы ұйымдастыру комитеті өкілінің тұжырымы


Грузиядағы жеңіске жеткен Ұлттық қозғалыс блогының шақыруымен Қазақстан ДТҚ халықтық партиясы ұйымдастыру комитетінің өкілі Асылбек Қожахметов 24-28 қаңтар аралығында сондағы Президент инаугурациясы салтанатына қатысып қайтты.

- Біз Грузиядан біраз нәрсені үйреніп, тәжірибе алмасуға бардық, - дейді Асылбек Қожахметов. - Осы күндері Грузияда орын алған жағдай американдықтардың қолға алуымен жасалған шара деген сөздер шығуда. Бірақ іс жүзінде олай емес. Грузияда орын алған «күлгін революция» ол оппозицияның істегені, оны халықтың қолдауымен жасалғаны көрініп тұр, біз соған көзіміз жетті. Грузияны Қазақстанмен салыстыруға болмайды. Онда азаматтық қоғам басым. Қазақстан жұртшылығы, әсіресе қазақтар көнбіс, төзімді келеді. Ал грузиндер қызуқанды. Бірақ та өмір бойы көнбіс болып отыра беруге болмайды ғой,- дейді Асылбек Қожахметов. Сондай-ақ, Грузияда демократиялық бостандық көбірек дегенді айтады ол.

Грузиядағы президент инаугурациясында Қазақстандық ресми делегация болмаған. Грузияда партия құру үшін саяси ұйымның бір мың ғана мүшесі болуы керек.

Грузияның жаңа президенті біз оңшыл да солшыл да бағытты ұстамаймыз. Американы да Ресейді де қолдамаймыз. Біз Еуроодаққа бағыт ұстаймыз. Біз центристік жолға бағытты ұстанамыз деген пікірін ашық айтты дейді ДТҚ халықтық партиясының өкілі. Қазақстанда экономикалық жағдай біршама тәуір болғанымен, демократия аз. Біз сол елден үйренуіміз керек. Бірақ та революция жасау міндет емес, басқа да жолдарын қарастырған жөн дейді Асылбек Қожахметов.

Грузияның ендігі мақсаты, сепаратизмге жол бермей, біріккен мемлекет болып қалыптасу. Осы мақсатты берік ұстанып, ілгері жылжу. Жаңа президентті халық қолдап, соған сенім артуда дегенді айтты қазақстандық оппозиция өкілі.
XS
SM
MD
LG