Accessibility links

“Экспресс К”, “Жас алаш”, “Егемен Қазақстан”, “Начнем с понедельника”, “Панорама”, “Ана тілі”, “Известия Казахстан”, “Алматы ақшамы”.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда, сенбі күні өткен “Асар” партиясының құрылтайына түрлі баға берілген, және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

“Экспресс К” газетінің 3 ақпан күнгі санында жарық көрген Альбина Ахметованың мақаласында сенбі күні Асар” партиясының 1 құрылтайының өткендігі хабарланыпты. Мақала авторының айтуынша, құрылтайда Дариға Назарбаева керек болса, өз фамилиясын пайдалантындығын және халықтың басым көпшілік дауысына ие болу үшін өз қарамағындағы бұқаралық ақпарат құралдарын іске қосатындығын ашық мәлімдеген. Сонымен қатар Дариға Назарбаева алдағы келе жатқан сайлауда Парламенттен 50 процент дауыс алатындығына уәде беріпті. Мақала авторы осыған орай сараптама жасайды.

Сатирик-жазушы Ғаббас Қабышұлы “Жас алаш” газетінде жарық көрген мақаласында “Асар” партиясының фракциясына қаламдасы Әбіш Кекілбаевтың кіргенін тәуір көрмейтіндігін тілге тиек етіпті. Ғаббас Қабышұлының айтуынша, Әбіш Кекілбаев үлкен жазушы болғанмен, одан мықты саясаткер шықпайды. Ал, Әбіш Кекілбаевтың өзі газет тілшісі Руслан Ерболұлына берген сұхбатында, “Асар” партиясына емес, фракциясына мүше болғандығынан хабардар етіпті. “Ондағы мақсатым – заң шығару қызметі арқылы өмірге, қоғамға қандай нақты пайда тигізу мақсатын ойласам, соған “Асар” жүргізіп отырған бағыт көбіне ыңғайласады деп білемін” дейді Әбіш Кекілбаев.

“Егемен Қазақстан” газетінің 3 ақпан күнгі санында жарық көрген Мейрамбек Төлепбергеннің мақаласында да осы тақырып жалғасын тауыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, құрылтайға “Отан”, “Қазақстан патриоттары”, “Аграрлық партия”, “Азаматтық”, “Ауыл” және “Руханият” партияларының басшылары қатысып, бірігіп жұмыс істеуге бейім екендіктерін танытқан.

Сенатор Зәуреш Батталова болса, “Начнем с понедельника” газеті қойған сауалға берген жауабында “Асар” партиясының фракциясының құрылуының артында бір үлкен шикіліктің бар екендігінен хабардар етіпті. Сенатордың айтуынша, депутаттық фракциялардың бәрі де мәжілісте құрылуға тиіс. Мәжіліс депутаты Ғалым Байназаров болса, “Асар” партиясының, сенаторлар арқылы “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” Заң жобасына өзгертулер енгізуі мүмкін екендігіне тоқталып өткен. Сондай-ақ газеттің осы санында тәуелсіз журналист Сергей Дуванов оқырмандардың сауалдарына жауап беріпті. Сергей Дуванов өзінің толық ақталып шығатындығына сенімді екендігін білдіріпті. Тәуелсіз журналистің айтуынша, Қазақстан мемлекеті халықаралық ұйымдарға берген уәдесін толық орындамай отыр.

Қазақстанда ұлттық қауіпсіздіктің қамтамасыз ету мақсатында 26 қаңтар мен 4 ақпан аралығында “Қару” атты шұғыл-іздестіру шарасының өткізіліп жатқандығы белгілі. “Панорама” апталығының соңғы санында жарық көрген мәліметтерге қарағанда осы операция барысында қару-жарақпен, жарылғыш заттарға байланысты 191 қылмыстық іс тіркелген. 811 обьект тексерілген. Шұғыл-іздестіру шараларының арқасында заңсыз сақталып келген 514 қару-жарақ тәркіленген. Оның ішінде 40 қолдан жасалған және оқ-дәрімен атылатын қару, 24 мылтық, 16 тапанша және тағы да басқа қару-жарақтың түрлері бар. Газет тілшісінің хабарлауынша, үстіміздегі жылы Қазақстандағы азаматтар 644 қару-жарақты құқық қорғау орындарына өз еріктерімен тапсырған.

“Ана тілі” апталығының өткен санында жарық көрген Ләззат Асанова туралы Тоқтасын Беркімбаевтың мақаласы үлкен дау-дамай туғызған болатын. Автор өз мақаласында Ләззат Асанованың желтоқсан оқиғасына қатысының жоқтығын тілге тиек еткен еді. Осыған орай “Ана тілі” газетінің соңғы, бесінші санында Ләззаттың анасы Алтынай Асанованың “Менің қызым желтоқсан көтерілісіне қатысқан” деген мақаласы жарық көріпті. Алтынай Асанова өз мақаласында қызының желтоқсан оқиғасына қатысқандығын дәлелдеп, көптеген құжаттар мен айғақтарды мысалға келтіреді. Алайда сонымен қатар газеттің осы санында Ләззат оқыған Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі ұжымының хаты да беріліпті. Хатты жазушылар, барлығы 17 адам, Ләззат Асанованың желтоқсан көтерілісіне қатысы жоқтығын мақұлдайтындықтарын білдіріпті

Мамандардың айтуынша, доллар құнының төмендей бастауы Алматыдағы пәтерлердің бағаларының көтеріле бастауына мұрындық болып отыр. Бұл туралы “Известия-Казахстан” басылымының 3 ақпан күнгі санында жарық көрген Елена Меншикованың мақаласында баяндалыпты. Сарапшылардың мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласында бұрын-соңды пәтерлердің бағасы дәл бүгінгідей көтерілмеген. Мақала авторының айтуынша, пәтер бағаларының шарықтап кетуі уақытша құбылыс деп талай болжам жасалғандығымен, оның құнының түсетін сыңайы байқалмайды екен.

“Алматы ақшамы” газетінің 3 қаңтар күнгі санында Алматы қаласы әкімінің кеңейтілген алқа мәжілісінің болып өткендігі хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG