Accessibility links

“Сөз”, “Правда Казахстана”, “Егемен Қазақстан”, “Азат”, “Қазақстан”, “Аргументы и факты Казахстан”, “Заң”.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда, мәжілісте талқылана бастаған Сайлау туралы заң жобасы жөнінде және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, тақырыпқа арналған материалдар жарық көрген.

Көпшілікті көп күттірген, саясаткерлерді қатты толғандырған, Мәжілісте талқылана бастаған Сайлау туралы заң жобасы мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналды. “Сөз” тәуелсіз газетінде жарық көрген Мақсат Мұратовтың мақаласындағы келтірілген деректерге қарағанда, бұл заң жобасы төңірегіндегі негізгі айқас, 20 ақпанда, яғни екінші оқылым кезінде болайын деп тұр. Әзірге депутаттар заңның үкіметтік жобасын негізге алыпты. Мақала авторының айтуынша, белгісіз себептермен “Ауыл” партиясы ұсынған жобасын кері қайтарып алған. Одан бұрын “Отан” партиясы да дәл солай істеген екен. Газет тілшісінің пайымдауынша, “Ауыл” партиясы ұсынған жоба үкіметтікіне қарағанда, әлдеқайда демократияшыл және прогрессивті болған. Осыған орай мақала авторы “Ауыл” партиясы билікпен ымыраға барып, оның “демократия” деп аталатын кезекті ойынының қуыршағына айналды деген болжам жасайды. Үкіметтік Жобаға тоқталатын болсақ, сайлау комиссиялары қалай құру керектігі туралы әлі толық келісімге келе алмаған. Газет тілшісінің хабарлауынша, орталық және жергілікті сайлау комиссияларына әр партиядан бір өкілден кіруі ықтимал.

“Правда Казахстана” басылымының соңғы санында жарық көрген Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдиннің президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хатында да, негізінен сайлау тақырыбы сөз болыпты. Президентке жолдаған ашық хатында Серікболсын Әбділдин, бүгінгі таңда “Сайлау” туралы заң жобасының парламентте қызу талқыланып жатқандығын айта келіп, жоғарғы палата құрамының санын 32 сенатормен шектеу қажеттілігі жөнінде ұсыныс жасайды. “Бүгінгі таңда Сіздің қолыңызда Конституция, Парламентті таратып жіберу құқы, мүдде мақсатыңызды көздеп, сөзіңізді өткізіп бере алатын екі палаталы парламент бар кезде, сізге қосымша тағы да тағайындалған депутаттардың не қажеттілігі бар” дейді Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хатында.

Ал, парламент мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбай мырза болса, парламент сайлауына қатысуға қатысты әлі бір шешімге келмепті. Бұл туралы ол “Егемен Қазақстан” газетінің тілшісіне берген сұхбатында мәлімдепті. Сонымен қатар Жармахан Тұяқбай сайлау барысындағы саяси партиялардың белсенділігінің арта түсетіндігін айта келіп, олардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ екендігіне тоқталып өтеді. Парламент спикерінің айтуынша, түрлі партиялардың бағдарламаларында да аса үлкен айырмашылық жоқ.

Белгілі жазушы, әрі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың “Асар” партиясының фракциясының құрамына кіруі де мерзімді басылымдардың басты тақырыптарының біріне айналды. “Азат” және “Қазақстан” басылымының кезекті санынында осыған байланысты жазушы Дінәш Нұрмағамбет пен журналист Еркін Қалданның мақаласы жарық көрді. Жазушы Дінәш Нұрмағамбет “Азат” тәуелсіз апталығының 4 ақпан күнгі санында жарық көрген мақаласында Әбіш Кекілбаевтың “Асар” партиясына кіргеніне аң-таң қалғандығын білдіреді. Мақала авторы жазушы Әбіш Кекілбаев, осындай қадам жасау арқылы жазушылық беделін төмендетіп алды деп есептейді. Жазушы Дінәш Нұрмағамбетовтың айтуынша кезінде өзі төрағалық еткен Жоғарғы Кеңес тараған кезде, Әбіш Кекілбаевтың көзіне жас келіп, билікпен қош айтысқандай болған.

Ал, “Қазақстан” басылымының соңғы санында жарық көрген “Қазақ әдебиетінің қара нары кімнен крыша іздеп жүр” деп аталатын Еркін Қалданның мақаласы газеттің бірінші бетіне беріліпті. Мақала авторының болжамына сүйенсек, саясатқа салмақтырақ қарайтын Әбіш Кекілбаевты Дариға Нұрсұлтанқызының иліктіруінің артында үлкен саяси ойын жатуы ықтимал. Атап айтсақ, президенттің қызы үш мәжіліс депутаты мен 7 сенаторды біріктіру арқылы күздегі сайлауға әзірлік тұрғысынан өте ұтымды жүріс жасап отыр.

Зауытбек Тұрысбеков Ішкі істер басқармасының басшысы болып барғаннан бері осы салада бірсыпара өзгерістердің болып жатқандығын мерзімді басылымдар жиі жазып келеді. “Аргументы и факты” газетінің “Қазақстан” қосымшасындағы келтірілген мәліметтерге жүгінсек, Ішкі істер басқармасында лауазымды қызмет атқаратын шенеуніктердің көбісі қайтадан атестациядан өтпекші. Атап айтсақ, атестациядан өтетін полицейлер, 100 метр қашықтықты 13 секундта, ал мың метр қашықтықты 3 минут 30 секундта жүгіріп өтіп, турникте 15 рет тартылып, тағы да басқа жаттығу ережелерінен сүрінбей өтуі тиіс.

“Заң” газетінің 4 ақпан күнгі санындағы ақпараттар ағымында соңғы кездері жалған ақша жасаушылардың көбейіп бара жатқандығы сөз болыпты. Мамандардың айтуынша, 2003 жылы 12 қолдан ақша жасау оқиғасы тіркелсе, биылғы қаңтардың өзінде ғана Астанада ақша жасауға қатысты 20 оқиға анықталыпты.
XS
SM
MD
LG