Accessibility links

АҚШ бекре балығына байланысты шешім қабылдамақ, ал уылдырық шығарушылар бұған алаңдаушылық танытып отыр.

  • Ардақ НҰРҒАЛИ

АҚШ әлемдегі бекре уылдырығын импорттаушы елдер ішінде бірінші орында тұр, ол 25 пайыз үлеске ие. Бірақ АҚШ-тың Балық және Тірі табиғатты қорғау басқармашылығы елде бекре уылдырығын сатуды тоқтатпақшы. Бұл тиым салу бекренің өмір сүретін жері Каспий аймағында оны сақтауға ықпал жасай ала ма? Сол жағы белгісіздеу. Ал қара уылдырықты әлемде ең көп шығарушы Ресей мен Қазақстан бұған шүбә келтіреді.

Құрама Штатарға 2002-ші жылы заңды жолмен мөлшермен 3 тонна уылдырық импортталса, оның әр килосы 5 жарым мың долларға шейін сатылған. Бірақ сол жылы жасалған сараптамаға сай, бекрені коммерциялық мақсатта аулаудың барысында соңғы 20-ма жыл ішінде Кәспийдегі бекренің саны 90 пайызға кеміп кеткен. Бұл зерттеулердің нәтижесі АҚШ-тың Балық және Тірі табиғатты қорғау басқармашылығының бекрені құрып кету алдында тұрған түрге жатқызуына себеп болып отыр.

Аталмыш басқармашылықтың ғылыми жетекшісі Роберт Гэйблдың айтуынша, егер бекре қауіп төнген тізімге кіргізілсе, онда оның уылдырығын саудалауға тосқауыл қойылады. Сондай-ақ ол, басқармашылықтың шешімі келесі аптада, не одан кейінгі аптада шығарылуы тиіс,- дейді. Осыдан миллиондаған долларлардың пайдасынан қағылайын деп отырған Ресей мен Қазақстан агенттікке хат жолдап, болуы мүмкін тиымға келіспейтіндіктерін білдірді.

Нью-Йоркте орналасқан Табиғи байлықтарды Қорғау Кеңесінің бас талдаушысы Лиза Спирдың айтуынша:

"Бекре уылдырығы импортына тиым салу дұрыс іс. Уылдырық жойылу алдында тұрған түрге тиісілі болғандықтан Құрама Штаттар бұндай тамаша балықтың жойылып кетуіне жол бермеуі тиіс."

Спирдың айтуынша, Кәспийден әкелінген бекре уылдырығына тиым салынар болса, онда экологиялық таза ортада АҚШ-та қолдан өсірілген бекрелерден алынған уылдырықтың жолы болады.

Ал, АҚШ-қа ең көп уылдырық импорттаушы " Petrossian Incorporated"-тің басшысы Армен Петросян бұнымен келіспейді. Америкада өсірілген уылдырық ешқашан Кәспийдың уылдырығындай бола алмайды, нағыз дәмін татқандар одан бас тартпайды,-дейді ол.

Петросянның атасы 1920-шы жылдарда Кәспий бекресінің уылдырығын Батыс Европада сатып, кейін оны Құрама Штатарға да, сата бастады. Нью-Йорктегі әйгілі Петросян дәмханасында уылдырық адам басына 23 доллардан 550 долларға шейін тұрады.

Вашингтондағы Қазақстан елшілігінің баспасөз хатшысы Роман Василенконың айтуынша, Қазақстанның Қоршаған Ортаны қорғау министрлігі қазіргі таңда бекрені сақтау бойынша бірнеше АҚШ-тық үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасап жатыр. Оның айтуынша, Вашингтонда орналасқан SeaWeb ұйымы Қазақстандағы бекрені сақтау ісі бойынша арнаулы жоба құрған:

"Олар, өткен жылы кейбір бекрелерді Кәспий теңізіне қайтару бойынша ойдағыдай жобаны іске асырды және сондай-ақ, балықты өлтірмей бекреден уылдырықты қолмен алу жобасын жасады. Бұл балама бола алады."

Балық және Тірі табиғатты қорғау басқармашылығының өкілі Роберт Гэйблдың пікірінше, агенттікті бір нәрсе алаңдатады, егер бекре уылдырығына заңды жолдармен тиым салынса, онда ол контрабандалық жолдармен әкелінуі мумкін. Уылдырықты импортаушылардың көпшілігі тиым салуға қарсы, АҚШ базары жабылғанымен, оған заңсыз жолдармен уылдырық әкеленетін болады, әрі Ресей мен Еуропа елдерінің базарлары ашық қала бергендіктен ондай тиымның пайдасы шамалы,- деуде. Ал, АҚШ-қа өз уылдырығын сату арқылы түсетін қаржы арқылы Ресей мен Қазақстан балықтың орнын толтыратын халықаралық квоталар мен талаптарды орындай алар еді,- деп олар дәлел келтіреді.
XS
SM
MD
LG