Accessibility links

АҚШтың 2005-жылға арналған бюджетінде шет елдерге арналған қаржылай көмек көлемі 13 пайызға қысқармақ.

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қырғи қабақ соғысы жылдары аяқталғаннан кейін АҚШ үкіметі бұрыңғы коммунистік елдердегі демократия мен нарықтық экономиканы дамыту үшін қомақты қаржы көмегін беріп келген болатын.

Бірақ енді соңғы жылдағы күтпеген бюджеттік қаржы тапшылығынан, Ирақ пен Ауғанстандағы соғыс, терроршылыққа қарсы күрестік шығындарға байланысты АҚШ өзінің шет елдік жәрдем бағдарламасын қысқартуды жоспарлап отыр.

2005-жылға арналған бюджеттік қаржы – 2 триллион 400 млд. доллар қаржыны бекітпестен екі күн алдын президент Джордж Буш менің ең негізгі қызметтік міндетім - Американың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген болатын.

Сондай-ақ, сенбі күні өзінің дәстүрлі апталық радио бағдарламасында президент Буш өз отандастарына былай деді.

Америка халқына бағытталған тоқтаусыз террорлық қауіпке орай, ішкі қауіпсіздік үшін жұмсалмақ қаржы 2001-жылмен салыстырғанда дерлік үш есеге ұлғайтылмақ. Ал келесі жылы ол қаржы тағы да он пайызға көбейіп, 30 млд 500 млн. долларға жетпек. Бұл ақша шегара, әуежай, теңіз айлақтарындағы қауіпсіздік шараларын нығайтуға қажет. Хим-биологиялық шабуылдардан сақтауға керек. Мен сондай-ақ, Федералдық тергеу бюросының бюджетін тағы да 11 пайызға көбейтпекпін. Америка терроршылыққа қарсы күресте өз қырағылығын төмендетпеуі тиіс, - деген АҚШ президенті.

Сонымен, АҚШ бюджетінің қомақты бөлігі қауіпсіздікке, Ирақ пен Ауғанстандағы соғыстарға жұмсалса, биылғы американдық қаржы тапшылығы 500 млд. доларға жетіп жығылмақ.

Ал енді Шығыс Еуропа мен бұрыңғы советтік аймаққа берілер қаржылай көмектің қаншаға құлдырауын әзірше айтудың өзі қиындау.

Мысалы, президент Буш демократиялық мақсатта келесі жылғы грантты 80 млн.доллар шамасында белгілеп отыр. Бірақ ол жалпы қаржы Африка, Азия, Шығыс Еуропа және бұрыңғы советтік республикаларға арналған.

Халықаралық бейбітшілік Карнеги ендоумент орталығынан Заң билігі және Демократия жобасының директор орынбасары Томас Каротерстің тілшімізге айтуынша, президент Буш әлі де болса мухит артындағы елдерге әскери емес көмектерін беруін жалғастыруда. Атап айтқанда, СПИДке қарсы халықаралық күрес науқанына Буш 2млд. 800 млн. доллар қаржы ұсынып отыр.

- Мұндай бюджеттік қысым және терроршылыққа қарсы күрес шығыны шет елдік көмек қорларына кесір болып тұр. Оның үстіне, АҚШ әкімшілігі СПИДпен күрес бағдарламасына үлес қосу үшін Мыңжылдық есепшотын да ашпақ. Ол жоспарлар іске асқанша, Ресей немесе Африка сықылды елдерге арналған бюджетке де қысым жасалып қалуы әбден мүмкін, - дейді Карнегі орталығынан директор орынбасары.

Ал Вашингтондағы Херитидж фаундейшн орталығынан зерттеуші Джон Халсманның айтуынша, Буш әкімшілігі соғыстағы шығындарды жарияламай әзірше шабуылдан құтылып отыр. Ал егер қате дерек таратса онда сыннан қашып құтыла алмас.

- Ирақтағы соғысқа кеткен ақша жөнінде ешқандай мәлімет бермей, сондай-ақ, алдағы кезде қанша қаржы жұмсалатындығын да білдірмей АҚШ әкімшілігі өз саяси беделін түсіріп отыр. Дұрысы, және әділдігі, Біз білмейміз, ақша қажет болғанда және қайта келеміз, десе саяси қате болмас па еді, - дейді Вашингтондық шолушы.

Халсманның айтуынша, АҚШ Ирақты қайта құруға көмектесетін елдерге және өз аумағынан АҚШ әуе күштеріне орын берген елдерге ұтымды контракттар ұсынбақ.

- Бұл берсең аласын деген американдық дипломатия үшін қажет. Терроршылықпен күресте бізге көмектесе отырып одан пайда көретін елдер және керісінше, ондай пайдадан құр қалатын елдер де бар. Біз сондай жолды таңдап отымыз. Олай етпесек ешкім тәуекелге бармайды.

Егер әріптес достарыңызды қызметіне орай бірер сыйлықпен жарылқамасаңыз, онда сіз әлем елдерінен қолдау алалмайсыз. Олар бізді қаншалықты жақсы көрсе де бекерден бекерге көмек бере салмайды. Бүкіл әлемде әзірге дейін жеке мүдде үлкен рөл ойнайды,
- дейді Вашингтондағы Херитидж фаундейшн зерттеулер орталығында халықаралық мәселелермен шұғылданатын сарапшы Джон Халсман.
XS
SM
MD
LG