Accessibility links

Жетім балаларды шет елдіктер асырауына беруге наразылық білдірді


Сәрсенбі күні Алматыдағы бюромызға тарих ғылымдарының докторы, профессор Уақит Шалекенов және Алматы қаласының тұрғындары Айымхан Хамзабекова, Аманғали Мұхтаров есімді азаматтар келді. Олар өздерінің бүгінде шет елдіктерге Қазақстандық жетім балаларды қамқорлыққа яғни асырауға беру мәселесіне наразылықтарын білдірді.

Профессор Уақит Шалекенов өз ойын былайша білдірді. - Жетім балаларды шет елдікке асырауға беру. Бұл біздің отбасы жөніндегі парламенттің қабылдаған заңында заңдастырылған. Енді менің айтайын дегенім - осы заңды қайтадан түзетіп, бірде-бір қазақ баласын шет елге жібермеуіміз керек. Бұл адамгершілігімізге жат. Бір сенаторымыз біз шет елге келешегі жоқ балаларды беріп жатырмыз дейді. Шет елден келген адамдар ақымақ емес ауру балаларды алатын. Ал ауру балаларды беріп жатырмыз деген сөзге кім нанады? Бүгінде ресми мәлімет бойынша 3127 бала шет елге кетіпті.

Келесі Алматы қаласының тұрғыны Айымхан Хамзабекованың пікірі төмендегідей болды. - Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткіземіз деген мәселе көтеріліп жүр. Адамның көңіліне қонатын құптарлық жай. Менің қарным ашатын жағдай - мемлекеттің қамқорлығындағы жетім балалар. Мемлекетіміздің демографиясына қомақты үлес қосып отырған сол балаларды шет елдіктер асырауына беру. Балалар қазақ болсын, мейлі басқа болсын Қазақстан халқының санына үлес қосып отыр емес пе. 3.5 мың балалар шетке кетті дейді. Сол 3,5 мың бала отыз жылдан кейін бірнеше мың адам болмай ма? Біздің шенеуніктер демографиямызды көтеруіміз керек деп мәселе қояды да, өздері соған қарсы тірлік жасайды.

Ал, Аманғали Мұқтаров есімді азамат бұл үлкен саяси астары бар мәселе дегенді айтты. - Мен бұл мәселеге үзілді-кесілді қарсымын. Ал олар мүгедек балаларымызды алып жатыр дейді. Мұның астарында саяси мәселе жатуы мүмкін. Бұл біз үшін намыс. Ол балаларды өсіруге экономикалық жағдайды көлденең тартқысы келеді. Бұл мәселені шешуге болады ғой. Жұмыс істейтін адамдардың бір күнгі жалақысын алсын.
XS
SM
MD
LG