Accessibility links

Мамандар білім саласының мәселелерін талқылады

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Бейсенбі күні Алматыда білім сапасын көтеруге арналған “Сапалы білім – ХХІ ғасыр өркениетінің кепілі” деген тақырыпта ғылыми-әдістемелік басқосу болды. Басқосуға республикадағы жетекші оқу орындарының оқытушылары мен білім сапасын стандарттауға байланысты сарапшылар қатысты.

Басқосу аясында мамандар жоғары оқу орындарында мұғалімдер мен студенттерге қойылар талаптарды күшейту, кәсіптік білім беру саласының жұмысын ұйымдастыру барысында сапа менеджментін, халықаралық ИСО:9001 стандартын енгізу жолдарын қарастырды.

Жоғары кәсіптік білім беру саласындағы сапа мәселесінің өзектілігі соңғы он жылда жалпы қазақстандық қана емес, әлемдік мәселе болып отыр,-дейді Әл-Фараби Қазақ Ұлттық университетінің экономика және бизнес факультетінің деканы Раушан Елемесов мырза.

- Сапа бір күнде пайда болмайды. Бұл күнделікті өзгеріп жатқан процес. Осы себептен бүгін реформа жасап, ертең халықаралық дәрежедегі сапаға жетеміз деген әңгіме емес. Бірақ одан қалып кетпеуіміз керек. Қазір біз реформаны жеделдетіп, бірақ ойланып жасауымыз керек.

Соңғы уақытта білім саласында сан алуан реформалар көбейіп кетті. Біз әрбір жасаған қадамдарымызға мұқият болмасақ, ертең жоспарсыз жасалған істен зардап шегуіміз мүмкін,-дейді Раушан Елемесов мырза.

- Бұл реформаның да кейбір бағыттары сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Оған ешкім кепілдеме бере алмайды. Осы реформаны бастап отырмыз енді осы реформаны жүргізсек, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің алдына шығып кетеміз деп тағы айта алмаймыз. Талпынбай тағы болмайды.

Осы орайда, журналистика факультетінің деканы Бауыржан Жақып мырза әлемдік білім беру жүйесінен оқшауланып, қазақстандық білім беру саласын өзімізше қалыптастырамыз десек, үлкен қателіктерге бой ұруымыз мүмкін дегенді айтты.

- Білім берудің жүйесін өзімізше жүргіземіз десек, қателіктерге бой алдыруымыз мүмкін. Білім беру жүйесіндегі кадрларды дайындауда мәселен батыс елдерінде, Еуропа елдерінде мамандар қалай дайындалады? Ең басты мақсат – біздің студенттеріміз мобильді түрде Еуропа университетінде ары қарай білімін жалғастырамын десе, ондай тетік бізде жоқ. Егер сапа менеджментін, кредиттік технологиямен оқыту жүйесін қолға алсақ, біздің студенттеріміз әлемнің кез-келген түпкірінде білімін жалғастыра алады.

Раушан Елемесов мырза қазіргі білім сапасы төмендеп кетті деген пікірге қосылмаймын, қазіргі жастар өте талапшыл. Мүмкін біз сол талаптарды қанағаттандыра алмай отырған шығармыз дегенді айтты.
XS
SM
MD
LG