Accessibility links

Түрмедегі тұтқындардың азапталып жатқаны телеарнадан көрсетілді


Қазақстандағы «КТК» телеарнасының сәрсенбі күнгі кешкі жаңалықтарында Арқалық қаласындағы жабық түрмеде жазасын өтеп жатқандарды осы мекеменің қызметкерлері аяусыздықпен ұрып-соғып жатқаны көрсетілді. Телеарна журрналистерінің айтуынша жасырын түсірілген бұл бейнетаспа қазақстандық адам құқын қорғаушы ұйымдардан алынған. Бейсенбі күні кешкілік бұл оқиға жөнінде Қазақстаның әділет министрінің бірінші орынбасары Йоган Меркель брифинг өткізді.

Сәрсенбі күні кешкілік Қазақстандағы жекеменшік «КТК» телеарнасынан Арқалықтағы жабық түрме қызметкерлерінің сол мекемеде жазасын өтеп жатқан адамдарды асқан қатыгездікпен ұрып-соғып азаптағаны көрсетілді.

Түрме қызметкерлері тұтқындарды қабырғаға теріс қаратып қойып, бүйрек тұсы мен көкжелкеден рәзіңке тоқпақпен шірене дәлдеп ұрып құлатып, тепкінің астына алып жатыр. Олар соққы жеп жатқан адамдардың еш қарсылық көрсетпей, қабырғаға екі қолын керіп ұстап, теріс қараған күйі түзу тұруын талап етіп зіркілдеп қояды. Ауыр соққыға шыдай алмай бұрала құлағандарды сүйрелеп қайта тұрғызып және ұрады. Ал тұруға халдері келмей жатып қалғандарды сол жерде тепкілеп, тоқпақтың астына алып жатқаны бейнетаспаға жазылып алыныпты.

Бас-аяғы 13 минуттық бейнежазбада түрме қызметкерлері тұтқындарды камерадан бір-бірлеп алып шығып, кезектеп соққыға жыққаны бейнеленген. Олар түрме дәлізімен тұтқындарды дедектетіп жүгіртіп қойғаны да жазылып қалыпты.

«КТК» телеарнасы бұл бейнетаспа жасырын түрде жазылғанын айтып отыр. Журналистер бұл айғақты түрме жүйесін реформалауға үндеп жүрген қазақстандық адам құқығын қорғаушы қоғамдық ұйымдардан алыпты.

Арқалық түрмесіндегі сұмдық жайтқа қатысты бейсенбі күні кешкі сағат алтыда Қазақстанның әділет министрінің 1-ші орынбасары Иоган Меркель Астанада журналистер үшін арнайы брифингін өткізді. Баспасөз жиынын неге әділет министрі Оңалсын Жұмабековтың өзі өткізбеді деген сауалымызға «ол кісі қазір республикадағы басқа бір маңызды шара – тыңның игерілгеніне 50 жыл толуды атап өтудің қамымен жүргені» айтылды.

Иоган Меркельдің айтуынша бейсенбі күні елдің әділет министрінің бұйрығымен құрылған арнайы комиссия Арқалық қаласына аттанған. Осы бұйрықпен Қостанай облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының бастығы мен орынбасары, сондай-ақ Арқалық түрмесінің басшы қызметкерлері уақытша қызмет міндетін атқарудан шеттетілген.

Ал Арқалық қалалық прокуратурасы тұтқындарды ұрып-соққан әлгі түрме қызметкерлеріне қарсы Қазақстан қылмыстық кодексінің 308-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғап, қазір ол адамдар қамауға алынған.

Арқалық түрмесіндегі тұтқындарды түрме әкімшілігі асқан қатыгездікпен ұрып-соғып, азаптап ұстайтыны жайлы хабарлар өткен жылдың күзінде «Азаттық» радиосынан бірнеше мәрте айтылған болатын. Ондай ақпаратты бізге сол түрмеде жазасын өтеп жатқандардың туыстары мен қоғамдық ұйым өкілдері жеткізген еді. Ал өткен жылғы қазан айының 25-інде осы түрмеде Андрей Пашков есімді жас тұтқын жігіттің белгісіз жағдайда көз жұмғанын да «Азаттық» радиосы хабарлаған болатын. Ол жолы марқұмның денесіндегі соққы іздеріне өте ұқсас қанталаған дақтардың барын тағы да сол адам құқын қорғаушы ұйым мүшелерінің берген бейнетаспадан көрген едік. Тұтқындардың туыстары мен қоғамдық ұйымдар өкілдері Қазақстанның бас прокуратурасына, әділет министрлігіне, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілге, парламент депутаттарына және басқа да орталық мекемелерге қаншама арыз-шағым айтқанымен өздеріне құлақ асқан жан болмағанын бізге қынжыла отырып әңгімелеген болатын. Арқалықтағы түрмеде тұтқындарды еш жазықсыз күніне бірнеше мәрте соққыға жығу әбден дағдыға айналғанын айтқан олар сол жолы Астанадағы үкімет орындарынан араша сұрап келген еді. Алайда Қазақстанның заң орындары күні бүгінге дейін Арқалықтан келіп түсіп жатқан әлгіндей ақпараттарды үзілді-кесілді жоққа шығарып келді. Бейсенбі күнгі брифинг кезінде елдің әділет министрінің бірінші орынбасары И.Меркель мырза Арқалықта түрмеде отырғандардың туыстарынан ешқандай арыз бізге келген емес деп тағы да қайталады.

Арқалықтағы қамау орны Қазақстан бойынша жалғыз жабық түрме болып саналады. 510 адамды ұстауға арналған бұл түрмеде қазір 157 тұтқын жазаларын өтеп жатыр.
XS
SM
MD
LG