Accessibility links

“Ассанди-таимс”, “Караван”, “Дала мен қала”, “Сөз”, “МК в Казахстане”, “Новое поколение”, “Жас алаш”.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда, “Асар” партиясы туралы талдау мақалалар жарық көрген.

“Асар” партиясының құрылтайының өткеніне бір апта уақыт болса да, оның жұмысына баға беріп, талқылау мерзімді басылымдардың басты тақырыбына айналды. “Ассанди – таимс” газетінің 6 ақпан күнгі санында жарық көрген талдау мақаласында Мұхаметжан Әділов осы тақырыпқа кеңінен тоқталып өтіпті. Мұхаметжан Әділов өз мақаласында президенттің саясатын қолдайтын төртінші партияны құрудың не қажеттілігі бар деген сауалға жауап іздейді. Мақала авторы осы кезге шейін Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімінен шығу және президентке деген ықпалын арттыру мақсатында Қазақстандағы олигархтардың үш ірі партияны құрғандығын тілге тиек етеді. Атап айтсақ, олар “Отан”, “Аграрлық” және “Азаматтық” партия. Мақала авторының пайымдауынша, “Отан” партиясы Иманғали Тасағамбетовтың, “Азаматтық” партия Александр Машкевичтің және “Аграрлық” партия Ахметжан Есімов пен Сарыбай Қалмырзаев сынды президентке жақын адамдардың саяси ойынын жүргізеді. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, “Асар” партиясының құрылуына, негізінен президентке жақын адамдардың арасындағы ымыраға келіспеушілік себеп болған Дегенмен мақала авторы Дариға Нұрсұлтанқызының Мәжілістен 50 процент орын алатындығына күдік келтіреді. Мақала авторының айтуынша, мұндай жағдайда президентке жақын адамдарға Дариға Нұрсұлтанқызымен билікті бөлісуіне тура келеді және билікке жақын ірі олигархтардың Нұрсұлтан Назарбаевқа жасайтын ықпалы әлсірей түседі.

“Караван” апталығының 6 ақпан күнгі санында жарық көрген Жанар Қанафинаның мақаласында “Асар” партиясының келешекте көптеген игілікті істерді атқаруға бел буғандығы тілге тиек етіліпті. Атап айтсақ, өткен құрылтайда Дариға Нұрсұлтанқызы алдағы уақытта “Асар” партиясы жергілікті биліктің жұмысын бақылау үшін “Халықтық бақылау” атты қозғалыстың құратындығын мәлімдепті. Дариға Нұрсұлтанқызының айтуынша, ендігі уақытта Қазақстанның кез-келген азаматына “Асар” партиясы қолдау көрсетпек және әлеуметтік салада да көптеген жеңілдіктерді қалпына келтіру үшін жұмыс істемек.

Осы тақырыпты жалғастырған “Дала мен қала” газеті алдағы уақытта «Асар” партиясының келешекте тегін білім алуды қайта енгізуді жақтап отырғандығын тілге тиек етіпті. Құрылтайда Дариға Назарбаева әлеуметтік саясатты іске асыруға керекті қаражаттың мұнайгаз кешенінен бөлінуі қажеттілігін атап өткен.

Ал, “Сөз” тәуелсіз апталығында жарық көрген мақалада “Асар” партиясының басшысы Дариға Нұрсұлтанқызы берген уәделердің орындалатындығына күмән келтірілген. Мақала авторы әкесінің режимінің арқасында туындаған қиыншылықтарды оның қызы Дариға Назарбаеваның шешуге бел буғандығы күлкі туғызады деп есептейді. Мақала авторының айтуынша, президенттің қызы Дариға Назарбаева Абай атындағы опера және балет театрын жалға алып, құрылтай өткізгені үшін соқыр тиын да төлемеген. Газет тілшісінің хабарлауынша, “Би-би-си” радиосының тілшісінің “күйеуі Рахат Әлиев “Асар” партиясының мүшесі бола ма деген сауалына Дариға Нұрсұлтанқызы бұл туралы әлі дұрыстап ойланбағандығын айтып, “Ол қайда қашып құтылар” деген сыңайдағы жауап қайтарған.

“МК в Казахстане” газетінде жарық көрген саясаттанушы Юрий Бұлықтаевтың саяси сараптамасында “Асардың” қолдан жасалған партия екендігі атап өтілген. Мақала авторының айтуынша, “Асар” партиясы құрылған кезде билік тарапынан көптеген кеңшілік жасалған. “Саяси партиялар туралы Заң” бойынша, “Асар” алты айдың ішінде аймақтағы құрылымдарын тіркеуден өткізуге тиіс еді. Мұндай талапты орындамаған партияның тіркелмейтіндігі де белгілі. Ал, “Асар” партиясының тез арада құрылуы бұл партияға байланысты қоғамда үлкен сенімсіздік туғызады” дейді саясаттанушы Юрий Бұлықтаев.

Сондай-ақ саясаттанушы Юрий Бұлықтаев “Асар” партиясының басшысының мәжілістен елу процент орын алатындығы туралы берген уәдесінің орындалуы мүмкін емес деп пайымдайды. Саясаттанушының болжамы бойынша “Азаматтық”, “Отан”, “Аграрлық” сынды әлеуметтік базасы мен аппараты бар ірі саяси партиялар Мәжілістегі орындарынан айырылып қалуға жол бермейді.

Президенттің көмекшісі Ермұхамет Ертісбаев “егер де 2001 жылдың күзіндегі оқиғалар болмаса, “Асар” партиясы да дүниеге келмес еді деп есептейді. Бұл туралы ол “Новое поколение” газетінің тілшісіне берген шағын сұхбатында мәлімдепті.

“Жас алаш” газеті өзінің соңғы санында интернет-газетте жарық көрген “Кеңес одағын әйел қалпына келтірмек” деген мақаланы аударып басыпты. Мақаладағы келтірілген деректерге қарағанда Дариға Назарбаеваның партиясы ерекше қарқынмен дамып бара жатқан оппозициялық “Ақ жол” партиясына қарсы күш болуға тиіс.
XS
SM
MD
LG