Accessibility links

“Мемлекеттік жастар саясаты туралы” заң жобасы Мәжіліске кері қайтарылды.

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Бейсенбі күні түстен кейін басталған Сенаттың жалпы отырысы 6 сағатқа созылды. Бұл жолы Сенат әдеттен тыс жұмыс істеді.Күн тәртібіне енгізілген 4 мәселенің ішінде “Мемлекеттік жастар саясаты туралы” заң жобасы сенаторлар арасында үлкен дау тудырды.

Осы жоба бойынша баяндама жасаған Мәдениет министрі Дүйсен Қасейіновтің айтуынша, “аталмыш жобада жастар саясатының мақсаттары, негізгі бағыттары айқындалған. Қазақстан жастарының әлеуметтік,сасяи құқытары мен бостандықтары, жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктері және жас отбасылары мен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау белгіленген”. Сондай-ақ министр өз сөзінде республикалық бюджеттен жастарды қолдау жөніндегі әлеуметтік қызмет құруға 130 млн теңге бөлінгенін айтты.

Жастар саясаты туралы заң жобасын талқылау барысында сенаторлардың бір мәмілеге келе аламаған мәселесі ол -тек мемлекеттік білім беру тапсырыстары негізінде оқитындар үшін қалааралық темір жол және аутомобиль көлігінде (таксиден басқа) қысқы және жазғы каникулдар кезеңінде жеңілдікпен жүру мәселесі. Бұған Үкімет 500 млн теңге бөліп отыр.

Сенат депутаты Жомартқали Жексенбинов Мәдениет министріне қойған сауалында былай деді.

“Тек ғана мемлекеттік тапсырыспен оқитындарға жеңілдік жасалу деген меніңше аса артықшылықпен жазылған. Жоғарғы,орта білім алып жатқан барлық студент жастарға бірдей осы жеңілдікті жасауға болмай ма?”

Министрі Дүйсен Қасейінов Үкіметтің барлық жастарға бірдей мұндай жеңілдік жасауға шамасы жоқ деді.

“Бәріне бірдей болмайды. Тек гранпен оқитындарға ғана беріледі.”

Сенатор Бақберген Досмамбетов өз тарапынан мынандай ұсыныс жасады.

“Жастардың әлеуметтік құқытары туралы айтылады. Конституция бойынша әлеуметтік құқық мәселесінде барлық адамға бірдей қарау керек. Ал жастарға оны бөліп, сен госзаказсың,сен ақылысың деп қарағанымыз дұрыс болмайды.Бұл жастар арасында кері пікір тудыруы мүмкін. Қоғамдық көліктегі жеңілдік я бәріне болуы керек, я бәріне болмауы керек. Ақылы оқуда оқып жатқан балалардың басым көпшілгі тұрмыс жағдайы ең төмен отбасылардың балалары. Берсек жастардың барлығына беру керек. Ол көп ақша емес,студенттердің де саны белгілі.”

Сенат депутаты Зәуреш Батталова “үкімет қарастырып отырған 500 млн теңгені тек мемлекттік тапсырыпен оқитындарға ғана деп қарастырмай жалпылай алып, оның ішінде жақсы оқитын жастарға осы жол жүру жеңілдігін жасаған дұрыс”- деген ұсыныс жасады.

Батталованы сенатор Әбіш Кекілбаев та қолдады.

“Ең болмаса жақсы оқитын жастарға тұрмыстық қиындықтардан зақым тиіп кетпесін деп осындай амалға барғанымыз дұрыс. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс,ақылы деп бөліп қарамау керек. Егер барлығына осы жеңілдікті беруге мүмкіндік болмаса, онда жалпылай жақсы оқитындарға берілуі тиіс. Жарлы балалардың ішінде жақсы оқитындар көп болады. Оны өз басымыздан кешкенбіз. Ең болмаса солар қиындықтан оқи алмай қалып жүрмесін. Соларға жәрдем тигізейік”.

Алайда бұл ұсыныс дауысқа қою барысында өтпей қалды.Сенатор Досмамбетовтің ұсынысы да әріптестерінің қолдауына ие болмады.”Себебі барлық студент жасқа бірдей жеңілдік жасалмаса да, шамалы бөлігіне қолдау көрсеткен жөн” деген пікірді ұстанған сенаторладың басым көпшілгі Үкіметтің бағытын қолдады.

Сөйтіп “Жастар саясаты туралы” заң жобасына 21 түзету енгізіліп Мәжіліске кері қайтарылып, Сенат пен Мәжілістің келісім комиссиясында қаралатын болып шешілді.
XS
SM
MD
LG