Accessibility links

Оңтүстік өңірдегі Шардара су қоймасындағы ахуал аймақ тұрғындарын алаңдатып отыр


Мұндағы проблема әлі сейілер емес. Өткен аптада Парламент мәжілісінің депутаттары Мадинов, Рүстемов, Трошихин, Асановтар Шардара, Арнасай су қоймаларында болып, сондағы қалыптасқан жағдайды көздерімен көріп қайтқан еді. Алайда Шардара қоймасындағы меймілдеген су деңгейі төмендер емес.

Дүйсенбі күнгі мәліметке қарағанда, ауа райының жылына бастауынан су тасқыны молайып, аймақ тұрғындарына қауіп төндіре түскен. Ол туралы Алматыға келген жергілікті су шаруашылығы мамандарының бірі Әзімхан Ыбырайымұлы айтып өтті.

- Шардара су қоймасы бір жылдың ғана проблемасы емес, ол жылда қайталана береді. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің сағасы да тайызданып, арнасынан асқан су жайылып, саяжайлар мен тұрғын үйлерді қызылсу басып кетті. Жалпы, 700- дей үй су астында қалды, - дейді Әзімхан Ыбырайымұлы.

Су шаруашылығы мамандарының айтуына қарағанда, бұл қауіпті сейілтудің үш жолы бар. Оның алғашқысы, шекара аралық өзен суларын бірлесе пайдалану жөніндегі мемлекетаралық консорциум құру. Мәселені шешудің екінші жолы, Сырдарияның төменгі сағасын тазартып, Қызылорда су торабын қалпына келтіру. Ал үшінші жағы, Отырар ауданынан Көксарай су реттегішін салу.

- Бұл проблема 1993 жылдан бері шешімін таппай келе жатыр. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешпесе келесі жылдары да алдан шыға береді. Осы мәселеге байланысты бір топ депутаттар облыс әкімі Болат Жылқышиевпен кездесті. Шардара су қоймасын салған ардагер ақсақалдармен пікірлесті. Бұл мәселені шешудің бірнеше жолы талқыға түсті, - дейді өткен аптада Шардара су қоймасында болып қайтқан Аграрлық партиясы аппаратының жетекшісі Алмас Жолтаев.

Аймақта ауа райының жылынуы салдарынан апат қаупі арта түсуде.
XS
SM
MD
LG