Accessibility links

Жазылар естеліктер мен туралы...


9 ақпан қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Көзінің тірісінде он бір жинағы жарыққа шығып, халыққа кеңінен мәлім болса да, Қазақстанның ресми өкімет орындары тарапынан лайықты бағасын ала алмаған ақынның өзі дүниеден өткеннен кейін он жеті жинағы жарыққа шыққан екен. Көзі тірі болса бүгінде 73 жасқа толған болар еді. Отыз жылдай отасып, өмірінің соңғы күндерін бірге өткізген қосағы Лашын Әзімжанова ақын өмірінің кейбір сәттері туралы былайша әңгімеледі.

- Өмірінің марқайған кездері, қуанған сәттері де, қайғысы да басым болды. Ақеділ, ақкөңіл адам болатын. Құдай талант берген соң ептеген тік мінезі де болды. Біреу өзіне қарап болмас сөз айтса қайтарып тастайтын. Сонан кейін кек сақтау дегенді де білмейтін. Отыз шақты жыл бірге өмір сүрдік. Әсіресе кейінгі жастарды топ-тобымен үйге ертіп келуші еді. Тұрмысыз өте қарапайым болды. Бірде жұмыс істесе, бір кездері бос жүрді.

Ақынның ұлы Жұлдыз Мұқағалиұлы әкесінің адамдық болмысы мен азаматтық бейнесі жайлы былайша әңгімеледі.

- Барлық жағынан өте ұқыпты болатын. Жазу столы әрқашанда ұқыпты тұратын. Әкем бірде менен балам, сенен кейін әкең қандай адам болған сұраса, сен не деп жауап бересің?-деп сұрады. Мен ол кезде жаспын не деп жауап берерімді білмей күмілжіп, тұрып қалдым. Сонда әкем маған: “Менің әкем өте сәби жанды адам еді”- деп айт деді. Түсінген адам түсінеді, түсінбегені өздері білсін, - деді.

“Жазылар естеліктер мен туралы...” деп өзінің айтқанындай бүгінде бірге жүрген, көріп білгендерінің ішінде Мұқағали жайлы естелік жазбағандары кемде-кем. Сол өзінің айтқанындай “Жазылар естеліктер мен туралы...” атты естеліктер жазып, жарыққа шығарған ақынның нағашысы Әбіжан Құтпанбаев мырза ақын жайлы ойын былайша сабақтады.

- Мұқағали қайтыс болғаннан кейін, ол жайлы естелік жазғыштар көбейіп кетті. Ол естелік жазушы адамдар біреуі Мұқағалиды көрген, енді біреулері көрмеген, кейбіреулері оның өлеңдеріне сүйеніп жазады. Сонан Мұқағалидың нағашысы ретінде өмірбаяны, туған туысы, өскен ортасы жайлы сіз жазыңыз деген соң қолыма қалам алып өзінің сөзіне орай, “Жазылар естеліктер мен туралы...” атты естелік жаздым.

Әбіжан Құтпанбаев мырза Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығың насихатталуы жайлы былай деді.

- Мұқағалиды халқы өзі бағалады, өзі насихаттады. Былтыр үш томдығы жарық көрген кезде Оразақын Асқар: “Біз әлі Мұқағалиды зерттеп болған жоқпыз, Мұқағали халықтың жүрегінен жол тапқан адам”, - деген болатын Мен сол түсінікке қосыламын. Мектептің бағдарламасына біз талап қойып отырмыз. Оның бірлі-жарым өлеңін ғана емес, оның шығармашылығын, өмірбаянын басынан аяғына дейін түгел қамту керек деп. Сонда ғана кейінгі ұрпақ Мұқағалиды танитын болады.
XS
SM
MD
LG