Accessibility links

Астанада тұратын ауған соғысының 12 ардагері өткен жылы өмірден өткен


Бүгінде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болып отырған Хамит Әмірғожин- Ауған соғысының ардагері. Интерноционалист жауынгер ауған соғысы ардагерлеріне әлеуметтік жәрдем мен жеңілдіктер қарастыру туралы мәселені парламент қабырғасында өтіп келе жатқан 8 жылдан бері талай мәрте көтергенін айтады.

Ауғанстандағы соғысқа 22 мыңға жуық қазақстандықтың қатысып, олардың 761-і қаза болғаны белгілі. Бүгінде олардың бары үкімет тарапынан қолдауға зәру,- дейді депутат Хамит Әмірғожин. Бұл орайда ол ауған соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдауда заңдарға өзгерістер ұсынылып отырылғандығын айтты.

- Әлеуметтік мәселелер көп. Көбісі жұмыс таба алмайды. Кезінде бұл кісілерді емдеген жоқ. Аурулар көп. Заңға мемлекеттік жәрдемақы туралы өзгеріс ұсынып жатырмыз. Үкімет қарап жатыр. Мен оны біздің жаққа шешілетіндігіне сенбеймін. Бюджетке қарағанда бұл 32-ші бағдарлама. Бюджетте жыл сайын үнемдеу болады. Мысалы, 2003 жылы 112 миллион теңге үнемделді. Ал, 2002 жылы 130 миллион теңге үнемделді. Үнемдеу болады, ал, оның қайда кететінін білмейміз. Олай болмау керек. Көп әріптестеріміздің пәтері жоқ, - деді Хамит Әмірғожин.

Оның айтуынша, ауған соғысы ардагерлерінің көбісі өмірден өтіп кеткен.

- Былтыр бір жылдың ішінде Астана қаласы бойынша 12 адам қайтыс болды. Қазір ауған соғысына қатысқан азаматтар 2,5 мың теңге жәрдемақы алады. Аталған ұсыныстарымызды үкімет қолдаса, онда біз соғысқа қатысқан кісілер боламыз. Онда жәрдемақы аз да болса көбейеді. 5,5 мың теңге болады. Ауылда меніңше, бұл ақшаға күн көруге болады. 20 мың ардагердің көбісі ауылда тұрады,-деді ол.

Сондай-ақ біз оның Ирактағы қазақстандық бітімгершілік әскерінің болуына қатысты да пікірін сұрағанымызда бұл жағдайды қолдайтындығын жеткізді.

Хамит Әмірғожин кеңес әскерінің ауғанстаннан шығарылуының 15 жылдығы қарсаңында Қазақстан Президентінің атына үндеу жолдап, онда ақпанның 15-і күнін интерноционалист жауынгерлердің кәсіби мерекесі ретінде атау мүмкіндігін қарастыруды тілек етпек.
XS
SM
MD
LG