Accessibility links

Қазақстан бизнесмендері лейкемия дертіне шалдыққан балаларға көмек көрсете ала ма?

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстанда бүгінгі таңда 150 бала лейкемия ауруына шалдыққан. Лейкемия дертіне шалдыққан бір баланы емдеу үшін кем дегенде 8 мың АҚШ доллары қажет. Қазақстан Республикасы Педиатрия және балалар хирургиясы институтының қызметкері Күлән Омарованың айтуынша, шет елдерде мундай ауруға шалдыққан баланы емдеу үшін 15 мың доллар керек. Сол себептен Күлән Омарова ханым лейкемия дертіне шалдыққан Қазақстан балаларына көмек көрсету керек дейді:

- Әрине, Қазақстан үкіметі көмек көрсетіп жатыр, бірақ ауру балалардың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету үшін көмек керек. Лейкемия ауруына шалдыққан балаларға қазақстандық бизнесмендер көмектеседі, бірақ олардың саны өте аз,- дейді Күлән Омарова-, біздің бизнесмендердің арасында көмек көрсететіндер бар, бірақ олардың басым көпшілігі өз таныстарына ғана көрсетеді. Сонымен қатар балаларды емдейтін орталыққа түрлі мейрамдарда сыйлық әкеліп, балаларға көңіл бөліп тұрады, бірақ олар дәрі-дәрмек алып бере алмайды. Лейкемиямен ауыратын және көздері нашар көретін балаларға жаңа құрылған қазақ-австриялық «Жібек Жолы» қоғамының бөлімшесі көмектесуді жоспарлап отыр. 10-ы ақпан күні бұл қоғамның өкілдері арнайы қайрымдылық акциясын өткізетінін жариялады. «Біз біргеміз» деп аталатын қайрымдылық акциясы бойынша, 11-ші ақпан күні арнайы концерт өтеді. Бұл концерттен түскен ақша лейкемия мен көздері нашар көретін балаларға жұмсалады.

- Біздің қоғам ең алдымен балаларға көмек берумен шұғылданады және екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың жақсара түсуіне үлес қосады, - деді «Жібек Жолы» қоғамының президенті Неда Бергер.

Қазақ-австриялық «Жібек-Жолы» қоғамы қайрымдылық акциясын алғаш рет өткізбек. Соңынан бұл қоғам арнайы есеп шотын ашып, қор құрады. Бұл қорға демеушілерден келіп түскен ақшаны «Жібек Жолы» қоғамы балаларға жұмсаймыз дегенді айтады. Қазақстан Республикасы Педиатрия және хирургия институтының қызметкері Күлән Омарова көмек береміз деген қоғам нақты қалай көмектесетінін білмейді, бірақ бұл игі шара дегенді айтады.

- Шетелдерде түрлі қоғамдар бар, бай адамдар осындай бөлімшелерге көмек көрсетеді. Сол себептен егер көмектесеміз деген қорлар көп болса, бұл балаларымыздың денсаулығына пайдалы болмаса, зиян тигізбейді. Лейкемияға шалдыққан балалар қажетті дәрі-дәрмекке қол жеткізіп, денсаулығын жақсарта алады.

«Біз біргеміз» деп аталатын қайырымдылық акциясы барысында австриялық және әзірбайжандық әншілер ән салатын болады.
XS
SM
MD
LG