Accessibility links

Буш әкімшілігі Таяу Шығыс елдеріндегі демократиялық үдерістерге қолдау көрсету үшін арнайы жоспар жасауда.


Буш әкімшілігі Таяу Шығыс елдеріндегі демократиялық үдерістерге қолдау көрсету үшін арнайы жоспар жасауда. Яғни ол елдерде экономикалық және саяси реформалардың жүргізілуіне ықпал жасауды көздеуде.

Таяу Шығыс елдерінен келетін жақсы хабарларға ынтызар Буш әкімшілігі авторитарлық бағыттағы Араб елдері басшыларын өз мемлекеттерінде саяси және экономикалық реформалар өткізуге көндіру үшін үлкен күш салуға тырысуда. Мұндай жоспар жөнінде 9-шы ақпан күні “Уашингтон пост” газетінде хабар жарияланған болатын. Бұл жоспар туралы Құрама Штаттарында маусым айында болатын халықралық Экономикалық форумда алғаш рет ресми түрде айтылмақшы. Мемлекеттік департамент өкілі Ричард Баучердің айтуынша, аталған жоспар 1975-ші жылы 35 мемлекет арасында қабылданған “Хелсинки келісіміне” негізделуде. Ол құжатқа кезінде АҚШ, Совет өкіметі және Европаның көптеген елдері қол қойған болатын. Осы келісімде адам хұқықтарының қорғалу жайы кеңінен орын алып, оның өзі ресми Уашингтонның Европаның коммунистік елдерімен қатаң түрде сөйлесуіне және кең тұрғыдағы тәуелсіздік шараларын алға тартушы күш болуына мүмкіндік бергені белгілі. Бұл жөнінде Баучер мырза. “Осы аймақта орындалуы тиіс бірнеше шаралар бар. Атап айтқанда, сайлаулар өткізу, заңдық және демократиялық реформалар, сондай-ақ азаматтық қоғамның дамуына ықпал жасау жұмыстары. Басты мақсат- осы істерге біз қаншалықты қолдау көрсете алатындығымызды байқау. Өкінішке орай, Хелсинки келісімінің шарттары Польшадағы Солидарность сияқты емес, ол аталған аймақта есепке алынбауда. Енді біз осы ықпалды жасамақшымыз. Және ондай қолдауды көрсете аламыз деген үміттеміз-“, деді Баучер мырза. Осы жылдың маусым айында болатын Үлкен сегіздік елдерінің, сондай-ақ НАТО мен Европа одағының жоғары дәрежедегі кездесуінде аталған жоспардың жариялануына қолдау көрсетулері жөнінде Европалық бірнеше елдермен келіссөздер басталып кеткен-, дейді АҚШ ресми өкілдері.

Баучер мырзаның “кезіндегі Советтік блокта болған елдермен салыстырғанда Таяу Шығыс елдері демократиялық үдерістерге жақсырақ дайын боп шықты”, деген пікіріне орай кейбір саяси талдаушылар келіспеушіліктерін білдіруде. Олардың пікірінше, коммунистік жүйеге енген Польша, Чехословакия сияқты Шығыс Европалық елдерде одан бұрын да демократиялық дәстүр болған-ды. Сондықтан аталған елдер демократия жолына қайта түсуге едәуір дайын боп шыққан, дейді сарапшылар. Нью-Йоркте орналасқан Шетелдермен байланыс кеңесінің сарапшысы Стивен Куктың пікірінше, Ирақтан жаппай қырып-жоятын қарулар табылмағаннан кейін, бәлкім Буш әкімшілігінің жоғарыда аталған жоспарға байланысты әрекеттері оның Ирақтағы міндеттерін алдағы уақытта заңдастыруға септігін тигізер. Әсіресе елбасылық сайлаулар алдында-, дейді Кук мырза. Бұл жоспар жөнінде Буш мырза алғаш рет қараша айында ауызға алған болатын.
XS
SM
MD
LG