Accessibility links

«БАҚ туралы» заң жобасына орай Қазақстан Президенті


Парламент талқылауындағы «БАҚ» туралы заң жоба Қазақстан конституциясының талаптарына қайшы. Осылай деп мәлімдеген «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, Геннадий Бендицскийді қорғау жөніндегі қоғамдық комитет өкілдері мен республикадағы тағы басқа да бірқатар басылым жетекшілері 11- ақпан күні Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың атына үндеу жолдады. Онда олар аталған заң жобасының кемшін тұстарын тізбектей келе, мемлекет басшысынан жобаға вето жариялауын сұрап отыр.

Сенаттан мәжіліске қайта қайтарылған «БАҚ» туралы заң жоба Қазақстанның Ата заңында бекітілген сөз бостандығы мен республика азаматтарының еркін ақпарат алу және тарату мүмкіндіктерін шектейді. Жобада Қазақстанда сөз бостандандығын қамтамасыз ету, журналистерді меншік иелерінен қорғау немесе, Бақ – ның жұмысына шенеуніктердің араласуын алу жайы қаралмаған. Керісінше, бұл жоба шенеуніктерге БАҚ-ын бақылау мен қадағалауға көп мүмкіндік береді. Жобаның кемшіліктерін оған қарсы айтылған түрлі халықаралық ұйымдар анықтамасынан-ақ байқауға болады дейді Әділ сөз халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының жетекшісі Тамара Қалеева. Оның айтуынша, мемлекет басшысына Үндеу жолдау жөніндегі шешім «Сөз бостандығын қорғау және жемқорлықпен күрес»мәселесіне арналып, 7- ақпан күні Алматыда өткен жиында қабылданған. «Біздің ұсынысымыз - Президент заң жобасын тоқтатып, демократия талаптарына сәйкес, түрлі халықаралық ұйымдар, сондай-ақ, журналистердің қатысуымен ашық түрде талқылау барысында жаңа заң жоба дуниеге келсе» дейді Тамара Қалеева.

«Ақ жол Қазақстан» басылымының бас редакторы Нұртөре Жүсіптің пікірінше, бұл бастама қолдауға тұрарлық. Себебі, БАҚ туралы заң жоба, шынында да көп жағдайда журналистер құқын қорғауға бағытталмаған.

“Жобада кез- келген журналисті басқа бір ақпарат көзі таратқан хабарды бұқараға жеткізгені үшін, егер ол ақпарат расталмаған жағдайда, жауапқа тарту, басылымның жұмысын сот шешімінсіз- ақ тоқтату сынды жайлардың көптеп кездесетіні БАҚ өкілдерін алдын- ала үрейлендіріп отырғандай» дейді Н. Жүсіп.

Ал республикалық «Жас Алаш» басылымының бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек қазірде республика мерзімді басылымдарында да осыған байланысты түрлі сарындағы пікірлердің жиі жазылып жүргенін айтады. «Жас Алаш газетінде де сондай пікірлер топтастырылып берілді. Сонда байқағанымыз, бұл жобны жақтайтын азаматтардан гөрі, сынайтындардың басымдау екендігі. Мен бұл жобаны тоқтату жағындамын» дейді Ж. Қорғасбек.

Сонымен қатар, біз бұл орайда, Қазақстан журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың да пікірін білуге тырыстық. «Қалай болғанда да, заң жоба шикі. БАҚ туралы заңнан гөрі, ақпарат министрлігінің құқын қорғайтын заңға көбірек ұқсайды. Біз бұл мәселені алда әлі де талқылайтын боламыз» дейді Сейтқазы Матаев.
XS
SM
MD
LG