Accessibility links

“МК в Казахстане”, “Время”, “Сөз”, “Азат”.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдарда, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы өтетін президенттік сайлауға түсетіндігіне байланысты мақалалар жарық көрген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы өтетін президенттік сайлауға қатысуға бел буғандығы туралы шешім қабылдағандығын, оның кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың “Асар” партиясының құрылтайында мәлімдеме жасауына мерзімді басылымдар әр түрлі баға бере бастады. “МК в Казахстане” газетінің 12 ақпан күнгі санында осы мәселеге байланысты газет тілшісімен ой бөліскен саясаттанушы Сәбит Жүсіпов “мұндай мәлімдеменің “Асардың” құрылтайында жасалынуы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл партияға сенім артып отырғандығын аңғартады деп пайымдайды. Дегенмен Сәбит Жүсіпов мұндай мәлімдеменің жасалынуы саяси элитаның ынтымақтасуына ықпал жасай алмайды деген көзқараста. Саясаттанушының пікірінше келшекте Қазақстан президентінің кім болатындығы алдағы уақытта өтетін геосаяси ойындармен тікелей байланысты. Сәбит Жүсіпов Орталық Азиядағы режимнің ахуалы Америка Құрама Штатының көңіл-күйіне қатысты өзгеріп отырады деп есептейді. Сондай-ақ саясаттанушы көп векторлы саясат дәуренінің өткендігін айта келіп, келшекте Қазақстан президентінің тағдырын шешуге Ресей, Қытай және Америка Құрама Штатының арасындағы күштердің ықпалының зор болатындығына дәлелдер келтіреді.

Ал, саяси мәселелер жөніндегі президенттің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев болса, “Время” газетінің тілшісі Виктор Веркке берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі президенттік сайлауға түсетіндігі туралы жасаған мәлімдемесінің сенсация туғызғандығына таң қалғандығын білдіріп өтіпті. “Мен бұл туралы бұрын да айтқанмын. Президенттің өзі де сайлауға түсетіндігі туралы 2002 жылы-ақ қалың жұртты хабардар еткен» дейді Ермұхамет Ертісбаев. Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, Қазақстанның нарық экономикасын дамыту жағынан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде алдыңғы қатарға шығып кетуі, алдағы өтетін президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіп шығуына мұрындық болады. Дегенмен Ермұхамет Ертісбаев, президенттің қызы Дариға Назарбаеваның алдағы өтетін сайлауда жеңіске жетіп, мәжілістен 50 процент орын алам деген сөздерін асығыс жасалған мәлімдеме деп бағалаған. Президент кеңесшісінің айтуынша, Дариға Назарбаеваның бұл сөзі “Отан”, “Азаматтық” және “Аграрлық” партияларға қарсы бағытталған саясат болып табылады.

Тәуелсіз журналист Гүлжан Ерғалиева болса, “Сөз” газетінде жарық көрген саяси эссесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты халықтың басым көпшілігі қолдайды деген пікірмен келіспейтіндігін білдіріп өткен. Тәуелсіз журналист өз мақаласында Қазақстанның экономикалық ахуалы түзелді деген деректердің еш қисынсыз, жалған ақпарат негізінде жасалынған қорытынды екендігін тілге тиек еткен. Гүлжан Ерғалиеваның келтірген деректеріне қарағанда халықтың сексен процентке жуығы орташа өмір сүру деңгейіне жетсе ғана, сол мемлекеттегі экономикалық ахуал жақсарған болып саналады екен. Осыған орай мақала авторы Қазақстан халқының жетпіс процентке жуығының тұрмыс-тіршілігінің өте төмен екендігін атап өткен. Мақала авторының айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қарсыластарын аямай жазалауы Қазақстанды үлкен саяси дағдарысқа әкеліп тіреген. “Қазақстанның бүкіл байлығы халықты емес, саяси элитаның қатарына кірген билік адамдарының белгілі бір тобын ғана жарылқап жатыр” деген Гүлжан Ерғалиева бұл байлықтың бәріне де Нұрсұлтан Назарбаев отбасының қожалық етіп отырғандығына тоқталып өтеді. Гүлжан Ерғалиева Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа балама жоқ деген көзқарас та шындыққа үйлеспейді деп пайымдайды. Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше саяси дағдарысқа қарсы шыққан Ғалымжан Жақияновқа пен Қазақстанның демократиялық таңдауы бүгінгі билікке балама бола алады.

Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының басшысы Ғалымжан Жақинов болса, “Азат” тәуелсіз апталығының кезекті санында жарық көрген мақаласында өзіне қарсы арандатушылық әрекеттердің қалай ұйымдастырылғандығын баяндапты. Ғалымжан Жақияновтың айтуынша, әсіресе президенттің қызы Дариға Назарбаеваға қарайтын “КТК” мен “Хабар” телеарналары неше-түрлі арандатушылық әрекеттерін ұйымдастырған. Сондай-ақ мақалада биліке қарсы сөз айтқан саясаткерлерді жазалау науқанының белең алып, ол туралы жалған айыптаулардың күшейіп кеткендігі де сөз болған. Мысал үшін, Ғалымжан Жақиянов “КТК” тілшісіне қатысты шағым арыз түсіргенде, “КТК”, “Хабар”, “ОРТ – Қазақстан” телеарналары бұл туралы жарыса хабарлап, олардың бәрі де Ғалымжан Жақияновты бірауыздан кінәлаған, бұл оқиғаға біржақты ғана баға берген. Ғалымжан Жақиянов өз мақаласында бар болғаны жариялылықты талап еткенім, сайлау жүйесінің әділілеттілікке негізделуін қалағаным және соны ашық айтқаным үшін қыспаққа ұшырадым деп есептейді. Сондай-ақ Ғалымжан Жақиянов президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің өзіне қарсы ұйымдастырылған арандатушылық әрекеттердің бел ортасында жүргендігін де атап өткен.
XS
SM
MD
LG