Accessibility links

Тіл көсегесі қайтсе көгереді?


"Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту тұжырымдамасының" жобасында елдегі білім беру жүйесінде жас ұрпақтың кемінде үш тілді меңгеру мақсаты айқындалып отырғаны мәлім. Ал, басқа тілді былай қойғанда мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмей өсіп жатқан қазіргі қазақстандық жас буын арасында бұл міндет қалайша жүзеге аспақ, ол үшін не қажет? Осы мәселе төңірегінде пікір алмасу үшін ақпанның 12-күні Астанада педагог мамандардың қатысуымен республикалық кеңес жұмысы басталды.

Қазақстанның білім және ғылым министрі Жақсыбек Құлекеевтің пікірінше, енді бір 15 жылдан кейін Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі мемлекеттік тіл - қазақ тілінде сөйлейтін болады. Қазақстан дербес ел атанып, өз мемлекеттік тілін заң жүзінде бекіткеніне он бес жылға жуық уақыт өтті. Алайда бұл тілді оқытып-үйретудің қазіргі жағдайы төмен, әсіресе орыс тілінде білім беретін мекемелердегі шәкірттерге қазақ тілін ұстарту әлі күнге дейін тиісті деңгейден көріне алмай келеді дейді республиканың білім министрі.

Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның білім және ғылым министрі: - Біздің алаңдатып отырған жағдай – осы пәннің мектептің толық курсын аяқтаған басқа ұлт өкілдерінің көбінің қазақ тілінде тілдесіп, қарым-қатынас жасауға дәрменсіздігі. Себептер де белгілі – бұған қазақ тілінің әзірге өзінің мемлекеттік мәртебесіне сай деңгейде қолданылмауы, қоғам өмірінде кең өріс алмауы да себеп боп отыр. Ең басты себеп, білім беру ісіндегі басты тұлға – мұғалімдердің дайындық деңгейіне қатысты. Екіншіден, оқулық сапасына байланысты, сондай-ақ, пәнді оқыту әдістемесінің тиімділігіне де байланысты. Бұл проблемалар жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Жыл сайын осы мәселелерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар, кеңестер өткізіледі, талқыланады. Өкінішке орай, көп нәрсе сөз күйінде қалып, пәрменді шара, түбегейлі өзгерістер жасалмай отыр.

Сонымен бірге білім министрі Ж.Құлекеев елдегі мектептерде орыс және шет тілдерін оқыту істері де ақсап жатқанын айтты. Бұл орайда ол әлемдегі өзге елдер секілді Қазақстанда да өскелең ұрпаққа мектеп жасынан мемлекеттік тілмен қоса бірнеше тілді оқытуды жақтап отыр.

Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның білім және ғылым министрі: - Бүгінде көңіл аударуды қажет ететін бір мәселе – бір мезгілде бірнеше тілде білім беру тәжірибесін қалыптастыру проблемасы. Әлемнің бірқатар елдерінде, әсіресе Еуропа мемлекеттеріндегі мектепте бір мезгілде 3-4 тілде білім береді. Мысалы, Люксембургте солай.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Бақыт Айтуқызы мемлекттік тілді оқытудағы мынадай проблемаларды атайды:

- Тілдің негізгі қызметі, коммуникативтік-функционалдық қызметі алға қойылмай отыр. Біз оқулықтарда танымдық тақырыптарды береміз, бұл тақырыптар сыныптар бойынша қайталанып отырады да, балаларды сөйлеуге үйрету іске аспай қалады. Мемлекетік тілді игерту үшін балалардың сол тілге деген қызығушылығын қалыптастыру керек. Ол қызығушылық алдымен мемлекеттік, қоғамдық, әлеуметтік сұраныстан туындайды. Тек содан кейін барып бұл проблема білім саласында өз жүйесін тауып, шешімін табады деп ойлаймын.

Республикада қазақ тілінде шығатын ғылыми-педагогикалық басылым - «Қазақстан мектебі» журналының бас сарашысы Сайраш Әбішқызы орыс тілді балаларға мемлекеттік тілді үйрету үшін арнайы хрестоматиялық оқулықтар қажеттігін айтады.

Сайраш Әбішқызы, «Қазақстан мектебі» журналының бас сарашысы: - Мысалы, орыс балаларының үйінде, тіпті кейбір қазақ отбасыларының өзінде қазақ тіліндегі шығармалар бола бермейді. Сондықтан мектеп оқушыларына арнап қазақ жазушылары шығармаларының хрестоматиялық оқулықтарын шығару қажет. Ондай оқулықтарды бірнеше том етіп, әр сыныпқа арнап шығаруды қолға алу керек. Бұл орайда біз әлі көп кешеуілдеп отырмыз.

Тіл мамандарының қатысуымен өтіп жатқан бұл жиынға орталық мекемелердің қызметкерлері мен аймақтардан келген педагог мамандар қатысып отыр.
XS
SM
MD
LG