Accessibility links

“Новое поколение”, “Караван”, “Ассанди таймс”, “Деловая неделя”, “Казахстанская правда”


Мерзімді басылымдарда Арқалық қаласындағы түрмеде колония қызметкерлерінің тұтқындарды ұрып-соққанын көрсететін телекөрініске байланысты қоғамда шыққан дау-дамайға орай туындаған түрлі пікірлер жарық көрді.

Арқалық қаласындағы түрмеде “тұтқындардың ауыр соққыға жығылуы туралы жан түршігерлік телекөріністің республикалық КТК телеарнасынан көрсетілуі қоғамда үлкен дау-дамай тудырғанын” жазады «Новое поколение» газетінің тілшісі Ольга Медведева. “Сол күні-ақ оқиға болған жерге Әділет министрлігінің комиссиясы мен Бас прокуратура өкілдері аттанады”. «Алдын-ала тексеру бұл эпизодтың өте жақсы жоспарланған акция екендігін, режиссерленген қойылым екендігін көрсетті», - дейді газет тілшісі. Оның айтуынша, бұл оқиғаны дайындауға ат салысқан түрме қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, түрме басшылары қызметтерінен уақытша аластатылған. «Ал тапсырыс беруші, фильмнің продюсер сымағы қайда деп сұрарсыздар? Жедел ақпараттарға қарағанда, ол - Қазақстандағы өте ықпалды қылмыс дөкейлерінің бірі болыпты», - деп жазады Ольга Медведева. Мақала редакция атынан берілген қорытынды сөзбен тәмамдалады. «Бүгінде Әділет министрлігінің шенеуніктері қанша ақталса да, бұл бейне таспа өмірдің шынайы қырын, яғни, түрме қызметкерін қалай оп-оңай сатып алуға болатындығын, колонияға қалай ұялы телефонды немесе видео камераны алып кіруге болатындығын танытты», - дейді газет редакциясы.

Бұл оқиғаның белгісіз тұстары қалып отырғанына тоқталады «Караван» апталығының Қостанай мен Астана қаласындағы тілшілері Колоколова мен Әбелдинов «Ұрып-соғуға тапсырыс берілген бе?» деген мақалада. «Әлі күнге дейін сол күні неше тұтқынның соққыға жығылғаны белгісіз. Төртеу екені анық. Алайда, қазіргі сәтте қамауда отырған тағы біреу соққы алғанын мәлімдеуде». Сондай-ақ «жапа шеккен тұтқындардың дәл кімдер екені айтылмай отыр», - дейді «Караван» апталығының тілшілері. “Тек №161/12 колония - Қазақстандағы аса қауіпті тұтқындар мен ауыр қылмыс жасаушылар отыратын жалғыз мекеме екені, онда қазір 180 адамның отырғаны мәлім – дейді «Караван» апталығы.

Ал «Ассанди таймс» газетінің хабарлауына қарағанда, «азапталған адамдардың айқайынан олардың бар кінәсі қамаудағы адам төзгісіз жағдайға наразылық білдіргендері екені айқын байқалған». Газет тілшісі Марат Әлжанов «осы жан түршіктірер кадрлерге орай Қазақстан өкіметіне ашық наразылығын білдірген «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры Вера Ткаченкомен сұқбат ұсынады. Онда Ткаченко Арқалық түрмесіндегі оқиғаның болғанына өкініш білдіре отырып, Қазақстанда жазаны өтеу жүйесін жақсартуда ілгерлеудің болғанын жоққа шығармайды. Мәселен, «Егер 1998 жылы өкпе дертінен 1300 адам көз жұмса, былтырғы жылы қайтыс болғандар саны 103-ке кеміді. Тұтқындардың жағдайы айтарлықтай жақсарды. Әлемдік қауымдастықтың қысымымен Қазақстан өлім жазасына мораторий жарияларды», - дейді халықаралық сарапшы.

“Былтыр Қазақстанда 17 адам өлім жазасына кесілгенімен, президенттің мораторий енгізуіне сәйкес бірде-бір үкім жүзеге аспағанын хабарлайды “Деловая неделя” Әділет министрінің орынбасары Сабыржан Бекбосыновтың мәлімдемесіне сүйене отырып. Алайда, үкіметтік “Казахстанская правда” газеті әлеуметтік зерттеулердің түрмеде отырғандардың көпшілігі өмір бақи жазасын өтеуден гөрі өлімді қалайтындықтарын анықтағанын еске түсіреді. “Біздің қоғамымыздың барлың мүшесі бірдей қылмыстық-атқару саясатындағы мұндай түбегейлі өзгерістерге әзірге дайын емес. Сондықтан, бүгінгі күні өлім жазасын толық алып тастау туралы емес, оған мораторий жариялау туралы ғана мәселе қойылды. Ал мораторий егер елде жеке адамдарға қарсы немесе мысалы, терроризм қылмысы артқан жағдайда алынып тасталуы мүмкін.” Ал жоғарыда аты аталған “Ассанди таймс” газеті бүгінде Қазақстандағы әр бір үшінші азамат немесе оның отбасы мүшесі заңсыз әрекеттердің құрбаны болғаны Әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығының әлеуметтік зерттеулер нәтижелері арқылы белгілі болғанын хабарлайды.
XS
SM
MD
LG