Accessibility links

Семейде ядролық полигон зардабын тартқан 3 зейнеткер аштық жариялады


Дүйсенбі күні Семей қаласында тұратын үш зейнеткер өздерінің аштық жариялайтыны туралы мәлімдеме жасады. Кезінде Семей ядролық полигонында қызмет атқарған олар қазіргі күні денсаулықтары дімкәс болғандықтан өздерін мүгедек деп тануды талап етіп отыр. Ал, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жергілікті өкілдері болса семейлік зейнеткерлер қойып отырған талаптың негізсіз екенін айтуда.

Ақпанның 16-нан бастап Семей қаласында үш күндік құрғақ аштық жариялайтыны туралы мәлімдеме жасаған үш зейнеткердің бірі Ерғазы Несіпбайұлы өздері кезінде Семей ядролық сынақ полигонында қызмет атқарғанын, соның салдарынан қазір денсаулықтан айырылып, түрлі дертке шалдығып отырғандарын айтады. Е.Несіпбайұлының айтуынша, зейнеткерлер өз денсаулықтарының дімкәс екенін айғақтайтын құжаттарды көрсетіп, жергілікті медициналық әлеуметтік сараптама жасайтын мекемедегілерге бұларды мүгедек деп тануды сұрап бірнеше рет барғанымен ондағылар бұл адамдарға мүгедектік тағайындаудан бас тартқан.

Біз бұл жағдайға байланысты Семей қаласындағы әлеуметтік қорғау басқармасының нөмірі 7-ші медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінің бастығы Татьяна Смирнова ханыммен байланысқанымызда, ол кісі өздері басшылыққа алып жұмыс істейтін үкімет қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес бұл адамдарға мүгедектік тағайындалмайтынын айтты.

- Бұл адамдар қарттығына байланысты ауру болып отырғандар, ал ондайлар мүгедек болып танылмайды, - дейді Татьяна Смирнова.

Ал Семейде аштық жариялап жатқан әлгі адамдардың жасы шамалары 62-68 жас аралығында. Олар өз ауруларының Семей полигонының зардабымен байланыстырады.

- Алматыдағы орталық әскери дәрігерлік комиссияның бекіткен анықтамасы бойынша біздің бойымыздағы ауру ядролық сынақ полигонының зардабынан болған, - дейді семейлік зейнеткер Е.Несіпбайұлы. Алайда, әлеуметтік мекеме қызметкерлері бұл құжат бұл зейнеткерлерге мүгедектік тағайындауға негіз бола алмайтынын айтып отыр.
XS
SM
MD
LG