Accessibility links

Ирақ нысаналарына жақсы ұйымдастырылған шабуылдар.


Өткен сенбі күнгі Ирақтың Фаллуджа қаласында полиция бекетіне болған шабуылда 20 адам опат болғаны аян. Шабуылшылар қамауда отырған тұтқындарды босатып жібергені белгілі. Осы оқиға тұсында бір байқалған нәрсе- шабуылдың мұқият ұйымдастырылуы. Бұл шабуылдың сыртында да Ал-Каида мен Саддамға адал күштер болды делініп отыр. Алайда, олардың нақты кімдер екені белгісіз.

Фаллуджа қаласындағы полиция бекетіне сенбі күні болған шабуыл Ирақтағы соғыс басталғалы бергі ең күшті ұйымдастырылған шабуыл болған. Полиция бекетіне беттеріне перде тұтқан қарулы 50 кісі басып кіріп бекетте болған 20 полицияны жайратып салған. Жарақаттанып аман қалғандардың бірі Ибрагим Мохаммед деген полицейлік болған қанды қырғынды былай еске алады:

"Таңғы сағат 8,30 біз күзетке шығуға дайындалып жатқанымызда кенет ғимараттың алдында да, артында да мылтық атылды. Біз шашырап кетіп қабырғаға тығылып тұра қалдық".

Болған оқиғаға куа болған бұл полицейліктің айтуынша шабуылшылар ішке басып кіріп, бөлме бөлмені тінте бастаған. Олардың қолында аутоматты мылтық, гранаталар болған. Ғимарат ішінде басталған атыста шабуылшылардың 5-i опат болған, қалғандары аман құтылып кеткен. Полициялықтардан опат болғандар 20. Енді бұл шабуылшылар кімдер? Және олардың сыртында кімдер тұр дегенде,бірден Ал-Қаиданың аты аталды. Одан кейін Ливандағы қарулы ислам тобы Хезболла аталынды. Сондай-ақ күрдтердің Ансар-ал-Ислам қарулы тобы да аталынды. Ирақтағы американдық әкім Пол Бремер ЕЙ-БИ-СИ телеарнасына берген интервиюінде бұл шабуылшылар кім де болса Ирақтың сыртынан келгендер деді. Америка әскерінің атын атамауды өтінген бір өкілі өзінің Франс -пресске берген интервьюінде бұл шабуылшылар Саддамға адал бұрынғы әскери күштердің ісі деді. Енді Лондонда орналасқан экономика және саяси ғылымдар Мектебінің маманы Яхия Саидтың пікіріне ден қоялық:

"Бұл әрекеттер, әсіресе, Фаллуджа қаласында болған оқиға Саддам Хусейн қалдықтарының бар екенін білдіреді. Олар АҚШ бастаған басқыншылыққа наразы сол Фаллдужа қаласынының тұрғындары деуге келеді".

Айтса айтқандай-ақ, Фаллуджа қаласы анти-американдық қозғалыс ордасы деуге лайық. Осы қалада Америка әскері өткен сәуір айында болған қарсылық шеруі кезінде 15 ирақтықты атып өлтрігені аян. Фаллуджа қаласы сондай-ақ ирақ тайпаларының бас қосатын суннит мұсылмандарының орталығы ретінде де әйгілі. Қалада 200 мешіт бар. Алайда, сенбі күнгі қанды шабуыл американдықтарға емес, ирақтықтарға қарсы бағытталды. Тағы да аман қалған полицейлік Ибрагим Мохаммедтің пікірі:

"Егер де ирақтықтарды өлтіру жалғаса берер болса, онда бұл жағдаят Фаллуджа азаматтарының қарсылық қозғалысына деген қолдауды әлсіретпек."

Бұл пікірді растағандай Фаллуджа қаласының тұрғындары қару алып полициялықтарды өлтіргендерден өш алу үшін сол оқиғаға іле-шала көшеге шыққан. Ызалы қала тұрғындары шабуылшылардан өш алмақ болып, олардың жарақаттанып ауруханаға түскендерін қоршап алған. Сонымен, ирақтықтарды өлтіруді американдықтар ұйымдастыруда деген қауесет бұл оқиғадан кейін негізін жоғалтып отыр.
XS
SM
MD
LG