Accessibility links

«Сайлау туралы заңды» өткізу туралы Үкімет өз нұсқасын парламентке қабылдауға ұсынып отырғанына орай Саяси мәлімдеме

  • Саясат БЕЙİСБАЙ

Мұндай мәлімдемені Қазақстан ДТ партиясы ұйымдастыру комитетінің мұшелері жасап отыр. Таяу күндері парламентте «Қазақстан Республикасы сайлау туралы заңы» қабылдануға әзір. Үкіметтік бұл нұсқа жаппай әділетсіздікке негізделген, дейді оппозиция өкілдері. Парламенттің бірлескен палаталарында дайындалған заң жобасында көптеген түзетулер мен өзгертулер енгізілді дегенімен, сол бұрынғы билік мүддесін қорғайтын сайлау жүйесін қалыптастыру әрекеттері байқалады, делінген сәрсенбі күнгі «Қазақстанның Демократиялық таңдауы» партиясын құру жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшелері дайындаған мәлімдемеде.

Осыған орай «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілев өз пікірін былайша жеткізді:

- Осы сайлау туралы заң жобасын дайындауда оппозициялық ұйымдар тарапынан 71 түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Жалпы алғанда 600-дей өзгеріс, түзетулер жасалды. Бірақ соның ішінде негізгі маңызды деген түзетулер енбей қалды, - дейді.

- Өкінішке орай билік жүйесінің мүддесін қорғайтын бұл заң тағы да сол бұрынғы дәрежеде қалып отыр, - дейді сенатор Зәуреш Батталова.- Біз, кейбір депутаттар сайлау туралы заңды дайындау барысында үкіметпен келісе алмай отырмыз. Даниял Ахметов бастаған үкімет мүшелері көптеген маңызды түзетулерді қаржы тапшы деп заңға енгізбеуге тырысып бағуда.

Осы орайда Болат Әбілев болса, үкімет елдің экономикасы жақсарып келеді деуде. Бір ғана ауыл бағдардламасына бір миллард доллар қаржы бөлді. Астана қаласын салуға жұмсап отырған қыруар ақшаның қанша екенін бір Алла ғана біледі. Ендеше неге сайлау заңына түзетулер енгізуге қаржы жетпейді дегенді айтты.

Алайда осы мәселеге орай «Отан» партиясы идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі Исатай Қамбаров басқаша пікірде.

- Сайлау туралы заңды әзірлеу барысында депутаттар 600 – дей ұсыныстарды қабылдады. Оған атсалысқан тек саяси партиялар ғана емес, түрлі ұйымдар мен қарапайым азаматтар да болды. Осының бәрін екшей келе парламент заң қабылдаса оның несі қате. Парламент қабылдаған соң ол заң күшіне енеді, деген пікірін білдірді.

Сайлауға қатысты өз ойын айта келіп ДТ партиясы ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Асылбек Қожахметов өткен мәслихат сайлауларындағы әділетсіздіктерді тағы еске салды. Алда қабылданатын сайлау туралы заңның да бұрынғыдан өзгешелігі шамалы болады деген ойын айтты.

Жалпы алғанда, осы басқосуда сайлау туралы жаңа заң халық мүддесіне сай, елге жұмыс істейтін демократиялық құжат болуы тиіс деген ұсыныс-пікірлер жиі естілді.
XS
SM
MD
LG