Accessibility links

ҚР 2015 жылға дейінгі білім саласын дамыту тұжырымдамасы: теория мен тәжірибеге қатысты мәселелері


Сәрсенбі күні Алматыда “Ақ жол” демократиялық партиясы мен Ұлттық зерттеу институтының ұйымдастыруымен “ҚР-ның 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасы: теория мен тәжірибеге қатысты мәселелері” деген тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті. Дөңгелек үстел отырысына ҚР мемлекеттік заң шығарушы орган өкілдері, білім саласының мамандары, мемлекеттік емес ұйым өкілдері, тәуелсіз сарапшылар қатысты. Мамандар 24 ақпан күні Қазақстан үкіметі сағатында қаралатын білім саласын дамыту тұжырымдамасының жобасын жан-жақты талқыға салды.

“Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Байменов: ХХІ ғасырда Қазақстандағы білім жүйесін дамыту өзекті мәселе болып табылады. Соңғы 15 жылда болып жатқан өзгерістер білім жүйесінде қордаланып қалған мәселелерді оң шешіп, бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлауды қажет етеді деп мәлімдеді. Оның айтуына қарағанда, білім жүйесінің негізгі бағыттарында тұлға тәрбиелеу, ұлттың ғылыми әлеуетін арттыру сынды үш мәселені қарағаны жөн.

- Біздегі мұғалімдер мәртебесі осы жөнінде сұрақ қаралу керек. Бұл жөнінде азаматтық заңның қабылданғанын жөн деп есептейміз. Сонымен қатар дүние жүзілік білім беру кеңістігіне араласпастан бұрын өзіміздің ішкі мәселемізді шешуіміз керек. Соның ішінде жалпыға бірдей білім беру жүйесіне тең жағдай жасалған ба? Әсіресе ауыл балалары. Еліміз аумағындағы барлық мектептердің бірдей деңгейде қажетті оқу-құралдарымен қамтамасыз етілуін оңтайлап алған жөн.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Уалихан Қайсаровтың пікіріне қарағанда, білім саласын дамыту тұжырымдамасы жобасының кейбір бөлімдері көңілге қонымды, сондай-ақ аталған жобада қажетсіз, тіпті болмайтын мәселелер де бар.

- Менің көзқарасым екі түрлі. Кейбір мәселелер өте дұрыс деп ойлаймын. Ол - жоғары білім беру. Құптамайтын тұсым – 12 жылдық білім беру мәселесі. Тұжырымдамада тіпті мүмкін емес мәселелер де бар. Ол мектепке дейінгі дайындық жүйесі. Бұл қазіргі біздің экономикалық жағдайымызда мектепке дейінгі дайындық жүйесін жүзеге асыру мүмкін емес. Бұған біздің білім саласы да дайын емес.

Ал Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының президенті Қажымұқан Арынов мырзаның пікіріне қарағанда, аталған тұжырымдама жобасының өзектілігі дау тудырып отырған жоқ.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Иренов мырза 24 ақпан күні болатын Қазақстан үкіметі отырысында қабылдануға тиіс емес. Себебі, аталған тұжырымдама жобасының шикі жақтары өте көп, - деп мәлімдеді.

- Егер шындық керек болатын болса, бұхара халық пен мамандар пікірімен санасатын болса, бұл – ертеңгі үкімет сағатында қабылдануға тиіс емес. Оның шикі жақтары өте көп. Он жылда білім саласында 8 министр ауысты. Бұл реформа ертең тағы қалып кетпей ма деп қорқамын.

Қарағанды қаласынан келген тәуелсіз сарапшы маман Айтқожа Фазыловтың пікіріне қарағанда, білім саласын дамыту тұжырымдама жобасын 3 жылға дейін қабылдауға болмайды. Себебі дәл қазіргі уақытта қабылданатын болса тұжырымдама жобасының келешегі жоқ.

Бұл жоба дәл осы бойында қабылданатын болса болашағы жоқ. Себебі мектеп қабырғасына дейінгі тәрбие ошақтары құрыған. Халықаралық талаптарға сай келетін оқулықтар деген мүлде жоқ.

Қазақстанның білім жүйесін дүние жүзілік білім беру кеңістігіне еркін араласудан бұрын өз ішінде шешімін таппаған бірқатар мәселелерді атап айтсақ, білім беру жүйесінде жалпыға тең жағдай жасалуын, Қазақстандағы барлық мектептердің бірдей деңгейде қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілуін оңтайлап алғаны жөн, -дейді Айтқожа Фазылов мырза.
XS
SM
MD
LG