Accessibility links

23-ақпан күні Совет әскерінің құрылғанына 86 жыл толды.

  • Сәуле ОМАР

23- ақпан күні Совет армиясы мен әуе күштерінің құрылғанына 86 жыл толып отыр. Осыған орай дүйсенбі күні Қазақстан Коммунистері Алматы қалалық бөлімшесінің өкілдері журналистерді жинап, осы мерекені атап өтті. Совет кезеңінде Отанды қорғаушылар күні ретінде мерекеленетін бұл күн бүгінде атаусыз қалып отыр дейді коммунистер.

Совет Одағын сыртқы күштерден қорғау бағытында құрылған Қызыл әскер халықтың ықыласына бөленген, нағыз халықтық армия бола білді дейді Қазақстан коммунистері Алматы қалалық бөлімшесі сол қанатының жетекшісі Арсентий Апполимов. Оның айтуынша, ол кезде әр азаматтың әскери міндетін өтеуі өз елі алдындағы борышы санатында қабылданатын. Ал мемлекет тарапынан борышын өтеушілерге бар жағдай жасалып, еңбегіне қарай әскерилер түрлі атақ, мадақтаулармен марапатталатын .

Осылай деген коммунистер содан соң бұрынғы Совет елдеріндегі әскер саласындағы өзгерістерді сынға алды. Әсіресе, әскерилердің келісім – шарт негізінде жұмыс істеуі оларды Отанды қорғау бағытында емес, кім және не үшін ақша төлегені үшін әрекет етуге мәжбүрлейді дейді олар.

Ал осы орайда Ауған соғысының ардагері Қайрат Медиевтің пікірінше, кезінде Совет әскерінің күшті болғанына ,әрине, шек келтіруге болмайды. Бірақ ол , қалай дегенмен, сол кездегі 15 республиканың күш біріктіруінен құралған әскер болатын. «Ал, Қазақстан әскеріне қатысты айтарым, әскерге , ең бастысы, әлеуметтік жағдай жасалуы керек. Әлеуметтік жағдайы шешілмеген әскери, бір жағынан өзінің ел алдындағы міндетін ойласа, екіншіден, отбасын қалай асырау жағына елеңдеп тұрады» дейді Қайрат Медиев.

Совет әскерінің қатарында соғысқандардың тағы бірі- Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдірахман Масақбаев. Ол қазіргі Қазақстан әскерін Совет әскерімен салыстыруға келмейді, бірақ соңғы жылдары біраз оңды өзгерістерді байқауға болады деген ой айтады. «Мен Қазақстан әскерилеріне жеткілікті жағдай жасалмаған деп ойлаймын. Сондықтан да, олардың кейде әскерден қашып жататынын да естиміз. Егер біз Қазақстан әскерін үлкейтіп, өркендетеміз десек, бастысы, әскерилердің қарны тоқ болуы керек. Екіншіден, оларды жан- жақты техникамен қамтамасыз етуіміз керек. Үшіншіден, өз міндетін атқарып жүрген әрбір әскери азамат басқаларға үлгі болатындай әрекет етуі керек» дейді Әбдірахман Масақбаев.

Сонымен қатар, осы мәселеге орай, қарапайым тұрғындар арасында сауалнама жүргізгенімізде, бұл күнді жақсы есте сақтаған аға буын өкілдерімен қатар, не туралы сұрап тұрғаныңды 23- ақпан дегенді бұрынғысынша, 23- февраль деп түзетсең ғана түсінетін жастарды да кездестірдік.
XS
SM
MD
LG