Accessibility links

ЕуроОдақ Иранда өткен парламенттік сайлауды демократия талаптарына сай емес деп есептейді


Еуропа одағы сыртқы істер министрлері өзінің дүйсенбі күнгі бас қосуында Иранда өткен парламенттік сайлауларды демократия талаптарына сай емес, деген қорытындыға келді. Одақ неге олай деп отыр?

Брюссель кездесуінде ЕуроОдақ елдерінің бас дипломаттары Иранда жұма күні өткен парламенттік сайлауларды қатты сынап, ол сайлау халықаралық қағида, демократиялық талаптарға жауап бере алмады, деді.

Оған негізгі бір себеп – Иран үкіметіндегі консерватист-кертартпа топтар, дәлірегі оның белортасындағы - Қорғаушылар кеңесі, ежелгі көне әдеттеріне басып, реформашыл-жаңашыл топтардың қайраткерлігіне ашық қарсы болып, олардың арасынан Мәжіліске яғни Иран парлaментіне мүшелікке сайлауда қатыспақ 2300дей кандидатқа тіркелу мүмкіндігін бермеді.

Қысқасы, Ирандағы ол парламенттік сайлауда еркіндік болмады. ЕуроОдақ ресмилерінің айтуынша, Иран мен болашақ ынтымақтастық байланыстары үшін блок, енді, тағы да күтейік-көрейік деген шешімге келген.

Бұл дегені , сауда-саттық келісімінен үміткер Иранның тілегі әзірше орындала қоймас. Себебі өткен жылы маусымда, Иранда ядролық қарулар жасалуда, деген мәлімет тарағаннан кейін ол жағдай күрделене түскен болатын.

Сондай-ақ ЕуроОдақ, Ирандағы демократиялық реформаларды дамыту мәселесін қозғау асығыстық болар, деген пікірге келіп отыр.

Дүйсенбі күнгі, ЕуроОдақ басқосуында Ирландия сыртқы істер министрі Браян Кауен тізгінді қолға алысымен-ақ, бірден Ирандағы парламенттік сайлаудың демократия ауылынан алыс жағдайда өткендігін баса айтты,

Қорытынды ретінде тоқ етерін айтсақ, Ирандағы бұл парламенттік сайлауда тіркелуге тырысқан, бірақ тізімге ілінбеген көптеген үміткерлердің сайлау сыртында қалуы бізді аса ренжітті. Иран халқының таңдауы, қалауы болмады. Бұл өте өкінішті әрине. Соған қарамастан ЕуроОдақтық министрлер Иранмен бәрібір өзара байланысты дамыту қажет, ол елдегі реформаға көмектесу керек деген тілек айтады. Бірақ, Ирандағы тағы бір мәселе, адам құқықтарын сақтау жағдайы да аса төмен деңгейде, - деген ЕуроОдаққа кезекші төраға, Ирландия сыртқы істер министрі.

Одақтан бір дипломаттың тілшімізге айтуынша, Хавиер Солана, Иранмен өзара жақын қарым-қатынас үшін бір шама уақыт қажет, дейді екен. Сондай-ақ, Ирақтағы ядролық қару бағдарламасы жөнінде Халықаралық атом қуаты агенттігінің төрағасы Мохаммад Ел Барадей жақында баяндама жасамақ. Ал одан Иранға келіп-кетер игілік шамалы, дейді талдаушылар.

Испания және Франция сыртқы істер министрлері Ана Палацио мен Доминик де Вилепин Одақ, қалайда болса, Иранмен бірер мәмілеге келуі қажет дейді.

Ал, Хавиер Солана Азаттық радиосының тілшісіне, енді Иранның жаңа парламенті қандай саясат ұстанар екен, соны көрелік дейді.

Жағдайға қаралық. Әзірше, бір нәрсе айту қиын. Білсеңіздер, біз Иранмен аса нәзік те, қиын мәселер бойынша жұмыс жүргізудеміз. Мысалы, ядролық қару мәселесін талқылауды қалайша тоқтатпақпыз, - дейді Хавиер Солана.

Сонымен, Ирландия сыртқы істер министрі, басқосу төрағасы Браян Кауеннің айтуынша, одақ мүшелері Иранның атом агенттігімен өзара ынтымақтастығын қолдайды. Бірақ, ЕуроОдақты аса алаңдатып отырған ядролық қарулардан өзге мәселелерге қоса , Иран алдында тұрған басқа жауапты міндеттер де баршылық, деп есептейді блок сыртқы істер министрлері. Атап айтсақ, Ирандағы адам құқықтары жағдайы өткен күзден бері алға басты деуге келмейді. Оның үстіне Одақ тізіміндегі терроршы ұйымдар қатарында Иран да бар, - дейді олар.
XS
SM
MD
LG