Accessibility links

Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы мен Британ кеңесінің Корольдік Филармониялық Оркестрі бірлескен «Дамуға арналған музыка» жобасын жүзеге асыруда


Еуропа пен Шығыс мәдениетінің үндесуі. Бұл Қазақтың Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясы мен Британ кеңесі Корольдік Филармониялық Оркестрінің бірігіп жүзеге асырған «Дамуға арналған музыка» жобасында көрініс тауып отыр. 24- ақпан күні тұсауы кесілген аталған жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, музыканың адам психологиясына әсер ету қасиетін осындай түрлі бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы одан әрі жетілдіруге болады. «Осылайша, музыканы білім алу мен қоғамның әлеуметтік даму жолында да ұтымды қолдануға болады» дейді мамандар.

Бұл Британия Корольдік Филармониялық Оркестрінің Қазақстанға жасаған үшінші сапары. Білім беру- әлеуметтік бағдарламаларды 1993- жылдан жүзеге асыра бастаған оркестр Қазақстандық музыканттарға арналған алғашқы семинарды өткен жылдың наурыз айында өткізген болатын.Ал үстіміздегі жылдың 24- мен 29-ы ақпаны аралығында аталған оркестр өкілдері Қазақстандық жас музыканттармен қатар, жасөспірім балаларға бағытталған «Дамуға арналған музыка» жобасының тұсауын кесіп отыр. Аталған жоба менеджері Элла Хейнздың айтуынша, Оркестрдің сейсенбі күні басталған бұл жолғы сапары 5 күнге созылады. Оның екі күні студенттермен өтсе, қалған үш күнінде Алматыдағы №3- балалар интернатында сабақ өткізу жоспарланған. «Аталған бағдарлама мақсаты бір топта жұмыс істеушілерді сапалы шығарманың дүниеге келуі мен оның сапалы орындалуына қатыстыру, музыканы көппен араласа білу, топпен бірлесе қызмет ету, сезімді бақылай алу , сонымен қатар, өзіңе деген сенімділік сынды әлеуметтік қасиеттерді дамытудың құралы ретінде пайдалануға икемдеуде болып отыр» дейді Элла Хейнз.

Қазақтың Құрманғазы атындағы Ұлттық консерватория ұстазы, Педагогика, психология және музыкалық білім кафедрасының меңгерушісі Зере Шәкәрімованың пікірінше, адам санасына музыка арқылы әсер ету қазақ мәдениеті үшін жаңалық емес. «Бірақ, ұлттық музыканың нақ осы қасиеттері әлі де зерттеп, зерделеуді қажет етеді. Сондықтан да мұндай кездесулерді мәдениет алмасу санатына қосуға болады» дейді ол.

Осы жобаға қатысушылардың бірі- консерваторияның 2- курс студенті Қошарова Анаргүл Ұлыбританиялық Оркестр өкілдерінің қазақтың ұлттық аспаптарына үлкен қызығушылық танытқанын айтады: «Біз үшін бұл кездесудің үлкен әсері болды. Мысалы, қазақтың ұлттық аспаптары домбыра, қобызбен еуропалық виолончель, скрипка сынды тағы басқа да аспаптардың үндестік тауып, бірін- бірі толықтыруының өзі керемет емес пе? Бір қарағанда, мұны Еуропа мен Азия арасындағы көпір деп те атауға болатын сияқты»

Аталған басқосулар қорытындысында наурыздың 2-і күні Британия корольдік филармониялық оркестрінің музыканттары Қазақстандық көрермендерге арналған камералық концерт өткізбек.
XS
SM
MD
LG