Accessibility links

Баспасөзге шолу - 02 . 24 . 2004 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданында төтенше жағдай жарияланғаннан кейін, апталық және 24 ақпан күнгі шыққан мерзімді басылымдардың бәрі де бұл тақырыпқа баса назар аударыпты. “Экспресс К” газетінің тілшісі Ирина Глушконың айтуынша, бүгінгі таңда Шардара су қоймасы мен Арнасай ойпатының арасындағы бес метр бөгетті су шайып әкеткен. Газет тілшісінің хабарлауынша, қазіргі кезде плотинаны да су шайып әкете ма деген қауіп-қатер төніп тұр. Мақала авторы өзбек жағы қалыптасқан ахуалдың күрделеніп кеткендігін білгеніменен, қимыл-әрекет жасауға асығып отырмағандығын да тілге тиек етіпті. Әзірше жағалаудағы қорғандарды күшейту “Түркістанэнерго” Жабық Акционерлік Қоғамы мен Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасының күшімен ғана жүргізіліп жатқан көрінеді.

Мамандардың айтуынша, Арнасай бөгетін күшейту үшін 270 миллион теңге қаражат қажет. “Жағдайдың күрделеніп кеткендігіне қарамастан, осыншама қаржының республика бюджетінен бөлінетіндігі белгісіз күйде қалып отыр” дейді мақала авторы.

Осы тақырыпты жалғастырған “Егемен Қазақстан” газеті болса Шардара су қоймасындағы жағдайдың жақсарып келе жатқандығынан хабардар етіпті. Газет тілшісінің келтірген деректеріне сүйенсек, облыс жарты ғасырдың ішінде мұндай мол суды көрмеген екен. Соңғы қуатты су тасқыны 1954 жылдың қысында орын алыпты. Мақала авторының айтуынша, бүгінде Арнасай ойына секунтына 440 текшеметр су алып тұрған өзбектер жағы оған барар мойнақты жөндеуден өткізіп болғасын бұл мөлшерді 700-800 текшеметрге жеткізуге сөз беріп отыр. Газет тілшісі қазіргі кезде, “Ағайынды демеген ынтымақтың белгісі” атты қайрымдылық акциясы бойынша, ашылған қорға қаржы құйылып жатқандығын да баяндапты.

Қызылорда облысының әкімі Серікбай Нұрғисаев та Шардара су қоймасындағы күрделі ахуалға орай “Жас алаш” газеті оқырмандарының сынына ұшырапты. Газетке хат жолдаған оқырманның бірі Нұрмұхан Болат, осы өңірде осыншама уақыт қызмет істеген, жер жағдайын, табиғи мүмкіншіліктерін біледі деген әкімнің Сырдарияның бір мінез көрсететінін сезбегендігіне қайран қалғандығын білдіріп, облыс халқының жартсынан астамының күнделікті жейтін нанын әзер тауып отырғандығын тоқталып өтіпті. Газетке хат жолдаған тағы бір оқырман Қызылорда қаласының тұрғыны Ақжамал Қожаназарова болса су басқан аймақтан шығарылған 1335 адамның 126 сының баспанасыз қалғандығын, сондай-ақ “Шұғыла”, “Көктем”, қыстақтары мен сол жағалаудағы елдімекендер мен Сауранбай, Талдыарал, Қазалепес атанған жерлердің судың астында қалғандығын тілге тиек етіпті. Ақжамал Қожаназарованың айтуынша, тасқын су қорғаныс бекетін бұзып өтіп, “Александр” қыстағына да жақындап, онысымен қоймай халықаралық Самара Шымкент автотрассасының бойына тақап қалған.

“Ақ жол Қазақстан” газетінің тілшісі Нәзия Жоямергенқызының мақаласында Қызылорда облысына су астында қалу қаупі төніп тұрғандығы баяндалыпты. Мақалада апта ортасында өткізілген мемлекетаралық келісімдерден соң Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов мәселенің бақылауда екендігін айтып, жұртты сабырға шақырғанымен, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Заманбек Нұрқаділовтың аталған мәселеге алаңдаушылық танытып отырғандығы баяндалыпты. Газет тілшісінің хабарлауынша, бүгінде Шардара су қоймасында 5 миллиард текше метр су жиналып қалған. Заманбек Нұрқаділовтың айтуына қарағанда, күн кенеттен жылынып кетсе, санаулы-ақ күнде Қазақстанның оңтүстік аймағы су астында қалуы ықтимал. Мақала авторының айтуынша, Заманбек Нұрқаділов мемлекетаралық келісімді бұзған өзбектердің Арнасай су қоймасына Шардара су қоймасынан су қабылдамау мақсатында, қосымша бөгет тұрғызып жатқаны туралы Үкіметтегі белді шенеуніктерді құлағдар еткенімен, оған селт еткен шенеунік табылмаған. Былтыр күзде Заманбек Нұрқаділов Қызылорда облысының әкімі Серікбай Нұрғисаевпен бірге, Қазақстан Республикасының Үкіметіне күзгі жаңбырға дейін су деңгейін төмендету үшін арнайы қордан 80 миллион теңге бөлуге өтініш жасаған. Бірақ Үкімет бұл ұсынысты орындаудан бас тартқан. Есесіне 2003 жылдың 30 желтоқсанында Үкімет амалсыздан 200 миллион теңге қаржы бөлген” деген мақала авторы, егер де дер кезінде қаржы бөлінсе Шардара ауданында дәл бүгінгідей кұрделі ахуал орын алмайтындығына талдау жасап өтеді.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында Шардара ауданына Ауыл Шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов барғаннан кейін, қаладағы құбырлардан су аға бастағандығы баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG