Accessibility links

Солтүстік Корей еліндегі ядролық қарулар жөніндегі келіссөздер Бейжіңде жалғаспақ.

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Солтүстік Кореядағы ядролық қару бағдарламасы жөніндегі мәселені талқылау үшін Қытай астанасында сәрсенбі күні алты жақтама келіссөздер жалғасты. Бұл келіссөздерге орай, дүйсенбі күні Солтүстік Кореялық ресми топ жетекшісі біршама сенім білдірді. Оның айтуынша, өткен тамыздағы келіссөздермен салыстырғанда, қазіргі жағдайлар өзгешелеу. Себебі Солтүстік Корей еліне ежелден ең жақын көрші мемлекеттер Ресей мен Қытайдан да ядролық қару мәселесінде өте қырағылық және шынайылық қажет деген талаптар түсе бастағандығы ақиқат.

Ақпанның 25, сәрсенбіде алты мемлекет – Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония және Оңтүстік-Солтүстік болып екіге қарс бөлініп отырған қос Корей елдері бір үстел басына отырып , Солтүстік Кореядағы ядролық қарулар бағдарламасын тоқтату жөніндегі келіссөздерді одан әрмен жалғастырмақ.

Бұл мәселе жөніндегі осыдан жарты жыл бұрыңғы келіссөздер аяқсыз қалған болатын. Ол кезде Солтүстік Корея, АҚШ жариялаған экономикалық тыйымдарын алып тастап, басқыншылық жасамау жөніндегі пактқа қол қойғанда ғана ядролық қондырғыларды жоямыз, деген шарт қойған еді. Ал АҚШ керісінше, алдымен Солтүстік Корея қарусыздануға кірісуі керек, деп қасарысып тұрып алған болатын. Содан бері бұл екі ел де ресми түрде өз дегенінен қайта қойған жоқ. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, ендігі бұл Бейжиң келіссөздерінен бірер игі нәтиже күтсе де болатындай.

Өткен айда Солтүстік Корея АҚШтық 5 ғалым және конгресс кеңесшілерін шақырып, үлкен дау-дамайға түрткі болып отырған Йоңбйон ядролық кешеніне келіп көруді ұсынды. Сонымен қатар, бірінші қадам ретінде корейлер егер АҚШтан экономикалық және өзге де жәрдем болса, онда өз ядролық бағдарламасын тоқтатуға келісім береміз, деді.

Ал, Пәкістандағы ядролық бағдарламаның атасы доктор Абдул Қадыр Хан Ливия, Иран мен бірге Солтүстік Кореяға да ядролық технология бергенмін деуі мүң екен, Вашингтон Пхеньянға өз қысымын күшейте түсті. Бұл арада, Солтүстік Кореялық өкілдер Венада Халықаралық атом қуаты агенттігі мүшелерімен кездесіп, болашақта ядролық қаруларды тексеру мүмкіндігін кеңесті.

- Ливиядағы уақиғалардың дамуы Солтүстік Кореяға да әсер еткендігі белгілі. Бірақ Солтүстік Корея сондай-ақ, ядролық қарулардан бас тартқан Ливияның ол іс-тірлігінен қаншалықты пайда түсіретіндігіне етене қызығып отыр. Сондықтан, АҚШ мемлекеттік департаментінің терроршы елдер тізімінен шығуы үшін және экономикалық айтарлықтай қолдауға жетуі үшін, әрине, Солтүстік Корея Ливия жолын таңдауына сенемін, - дейді Пәтрик Көлнер.

Ал президент Билл Клинтонның кезінде Солтүстік Корей елінде арнайы елші қызметінде болған Чарлз Причард бұл жағдайға орай былай дейді.

- Егер АҚШ өзгерген Солтүстік Корей елімен өзара дұрыс байланысты қалаған болса онда осыдан 15 ай бұрын-ақ ол ойын байқатқан болуы керек еді. Міне енді бәрібір АҚШ, дипломатиялық бола ма , әлде коммерциялық бола ма, әйтеуір қалайда болса Солтүстік Кореяның көңілінен шығатын бірер жолды таңдауы қажет болады, - дейді Чарлз Причард.

Қандас ел Оңтүстік Корея болса, ол бағдарлама бойынша, өз Жол қартасын ұсынды. Бұл елдің 1-ші талабы - Солтүстік Корея барлық ядролық бағдарламасынан бас тартуы керек. Оның есесіне бұл елге өзге мүдделі елдер қауіпсіздік кепілдігін беруі қажет. 2-кезеңде Солтүстік Корея ядролық бағдарламасын тоқтатып, ядролық қаруларды таратпау шартына кері қайтып, БҰҰның Атом энергиясы агенттігінің инспекторларын өз аумағына сөзсіз қабылдауы керек. Үшінші кезеңдегі талап, Солтүстік Корея ядролық бағдарламаны түгелдей жоюы қажет. Ал, АҚШ өз кезегінде, бұл елдің қауіпсіздігі үшін, жазба түрде кепілдік беруі лазым.

Азия мәселелері бойынша, Гамбург университетінің Солтүстік Корея бойынша сарапшысы П. Көлнердің бұл жағдайға орай пікірі төмендегіше.

- Қазіргі ең бір үлкен мәселе, алты жақтама келіссөздердің дағдарысқа ұшырамай нәтижелі болуы. Себебі, 2002-жылы қазанда Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы жөніндегі мәселе төтесінен қойылғанда, Ия, бізде ондай бағдарлама бар , деген болса, қазір Солтүстік Корея , Жоқ, бізде ондай нәрсе атымен жоқ деп отыр. Сондықтан ендігі міндет - ол бағдарлама жөнінде тиісті зерттеулер жүргізіп, ондай бағдарламаның бар-жоқтығын түбегейлі анықтау, және шындыққа көз жеткізу, - дейді германиялық сарапшы.

Міне енді, Қытай астанасында, ядролық бір алапат қарудан құтылу жөніндегі үмітке толы келіссөздер одан әрі жалғасты. Бұл кездесулерге әзірше мерзімдік шек қойылған жоқ. Бірақ бір неше апта демесек те, оның бір неше күн мен түндік толассыз жұмысқа жалғасатындығында күдік жоқ.
XS
SM
MD
LG